Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі

471

0

Президент  Жолдауындағы азаматтық бастамаларды қолдау тапсырмасына орай осы айдың соңында «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі» өткізілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова айтты.

Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында белгілі тұлғалар мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, республикалық және жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде пікірлер мен мақалалар жариялануда. Бүгінгі күнге дейін Жолдаудың негізгі міндеттерін насихаттау бағытында БАҚ-та барлығы 2415 материал жарық көрді.

– Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу жөнінде арнайы облыстық медиа-жоспар әзірленіп, облыс әкімі бекітті. Медиа-жоспар 3 негізгі бөлімнен, 145 тармақтан тұрады. Атап айтқанда, насихаттау жұмысын ұйымдастыру, Жолдаудың басым бағыттары бойынша ақпараттық шаралар және сала басшылары мен аудан әкімдерінің брифингтерін өткізу, – деді М.Қазбекова.

Алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы да жүйеленеді. Облыста 996 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ соның 454-і ғана белсенді жұмыс істейді. Енді құжат жүзіндегі бірлестіктер жабылады.

– Мемлекет басшысы кез келген мәсе­лені азаматтық қоғаммен бірлесіп шешуді тап­сырды. Бұл бағытта аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып, оларға әдістемелік көмек көрсететін «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы»  заңды тұлғалар бірлестігімен бірге жұмыс жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Қазіргі жағдайда жаңа әлеуметтік жобалар қажет. Сондықтан басқарма азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін» өткізбек. Ұсынылатын жобалар, ең алдымен, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерге бағытталады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<