Әсел Жанасова жаңа қызметке тағайындалды

145

0

«Қазпоштаның» басшысы ауысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

«Самұрық-Қазына» қоры Telegram арнасының мәліметінше, Әсел Жанасова «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Әсел Жанасова 1987 жылы Алматы қаласында туған.

2010 жылы Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен Кембридж университетін информатика мамандығы бойынша бітірген. IT жобаларды жүзеге асыруда 10 жылдан астам тәжірибесі бар.

2014 жылы Кембридж университетінің магистратурасын, М.Ломоносов атындағы ММУ-ді Executive Management бағдарламасы бойынша бітірген.

2010 жылдан 2014 жылға дейін Лондон қаласындағы Eurasian Natural Resources Corporation PLC компаниясының ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі департаментінің директоры қызметін атқарды. Ол команданы басқарды және әртүрлі елдерде (Қазақстан, Африка, Еуропа, Қытай және Ресей) ірі cтратегиялық жобаларды енгізді.

2014-2016 жылдары Ұлттық банктің «Банктік сервис бюросы» РМК директорының кеңесшісі, Ұлттық банктің Цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары болды.

2016-2017 жылдары «Зерде» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2017-2018 жылдары «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) басқарушысының кеңесшісі болып жұмыс істеді.

2018-2020 жылдары АХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры лауазымын атқарды.

2020 жылдың шілдесінен бастап Сауда және интеграция вице-министрі болды.