Құрылтай

Әскерилер Өскеменде жоғалып кеткен сарбазды тауып алды

18

0

Фото: military_police_kz

Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімнен өз бетінше кетіп қалып, бірнеше күн бойы іздеуде болған мерзімді қызметтегі сарбаз қала сыртынан аман-есен табылды. Бұл туралы ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери полиция басқармасы хабарлады, деп жазады Politico.kz.

23 шілде күні 27943 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Мархан Айқынның белгісіз бағытта жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын.

Әскери полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде сарбаз облыс орталығынан 20 шақырым жерде ұсталып, арнайы бөлімшеге жеткізілді.

«Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз үйін сағынып, қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен. Тексеру барысында әскери қызметші командирлер және бірге қызмет атқаратын әскери қызметшілер тарапынан жарғыға қарсы келетін қарым-қатынас пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері болмағанын мәлімдеді», – деді Бас әскери полиция басқармасынан.