АГРАРЛЫҚ САЯСАТТЫҢ АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕРІ

774

0

 Кеше Мемлекет басшысы халыққа дәстүрлі Жолдауын жариялады. Онда әлеуметтік саладағы алда тұрған ауқымды міндеттер айқындалды.  Сонымен қатар, заманауи жаңа технологияларды кеңінен пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайы айтылды. Яғни, Елбасы аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек екенін, ол үшін шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажеттігін алға тартты.

Елбасы бірінші кезекте халық тұрақты тұтынатын тауарлар өндіру қажеттігін  атап өтіп, осыған дейін айтқанындай, бұл ретте отандық өнімді қолдауға басымдық берудің маңыздылығын тағы бір еске салды.

Расында, бізде ауыл шаруашылығына қажетті жер көлемі бар. Елдегі жалпы халықтың жартысына жуығы елді мекендерде өмір сүріп жатыр. Яғни, жұмыс қолы да жеткілікті. Сондықтан сала жұмысын дамытуға  серпін беру қажет. Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарап, бүгінгі заман сұранысына сай ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға аса мән берілуі тиіс.

Біз – «Ақжарма и К» шаруа қожалығы 2013 жылы жұмысымызды бастаған едік. Алғашқы жылы 668 гектар күріш еккен болсақ, бүгінде егіс көлемін 1600 гектарға жеткізіп, жылына 10 мың тоннадай астық өндіреміз. Мемлекет қолдауының арқасында жаңа техникаларды пайдаланып, жұмыс ауқымын кеңейтуге, өнім сапасын көтеруге  қол жеткіздік. Тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауытты іске қосып, жалпы қожалықта 132 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Нәтижесінде, өзімізде өндірілген «Лидер» сортты сапалы ақ күрішті ел аумағынан бөлек, Қырғызстан еліне экспортқа шығара бастадық. Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру талабына сай майлы дақылдар мен бақша өнімдерін егуді,  «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қара мал шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ, тіректі елді мекен Ақжарма ауылын  көркейту бағытында біршама жұмыстарды қолға алдық.

 Жолдауда айтылғандай, агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық көлемін арттыру мәселесі сала мамандарының үнемі назарында болуы тиіс. Ал осы аталған міндеттер өз деңгейінде жүзеге асырылатын болса, бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ел экономикасын ілгерілетуге мүмкіндік мол.

Қайрат НҰРСЕЙІТОВ,

«Ақжарма и К»

фермерлік шаруа

қожалығының төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<