Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жасанды интеллект мәселелері бойынша тренинг-семинар өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмаларының, өңірлердегі цифрлық жобалардың орындалуы, мемлекеттік басқару жүйесіне заманауи технологияларды енгізу барысы талқыланды.
Бүгінде өңірде білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздік салаларында бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында 2023 жылдан бері Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлескен жасанды интеллект институты жұмыс істейді. Онда 240 студент білім алуда, 200 студент бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша, 40 студент қос диплом бағдарламасында оқиды.
Облыстағы 21 медициналық ұйымда жасанды интеллект көмегімен онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру технологиясы кезең-кезеңімен енгізілуде.
Барлық жеті ауданда талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы 539 бейнебақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшеу құрылғысы орнатылып, жедел басқару орталықтары жаңғыртылды. Осындай жұмыстар Байқоңыр қаласы, Ақай және Төретам кенттерінде де жүзеге асырылды.
Облыс орталығында 1400 бейнебақылау камерасы, 80 зияткерлік қиылыс және 96 стационарлық жылдамдық өлшегіш іске қосылды. Жедел басқару орталығына жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитикалық жүйе енгізіліп, оған Ішкі істер министрлігі, облыс әкімдігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және полиция департаментінің ақпараттық жүйелері ықпалдастырылды.
Биылғы сәуір айынан бастап республикада алғашқы болып Қызылорда облысында «Сұңқар» аппараттық-бағдарламалық кешендері арқылы жүргізушілердің қауіпсіздік белдігіне, көлік айдағандағы ұялы телефон пайдалануына қатысты заңбұзушылықтары жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде анықталуда.
ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект элементтері бар «Цифрлық қадағалау» пилоттық жобасы өңірлер арасында бірінші болып Қызылорда облысында іске қосылды.
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің ресми ашылуына Қызылорда облысы қатысып, «Құзыреттілік орталығында» заманауи техникамен жабдықталған оқу кеңістігі пайдалануға берілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






