Қала ортасында адам өлтірген жігіт 9 жылға сотталды

337

0

Үстіміздегі жылдың 27 наурызында Қызылорда қаласында жастар арасында орын алған атыс салдарынан бір адамның қаза табуына байланысты қозғалған  қылмыстық істің соңғы нүктесі қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл оқиға Қызылорда қаласының орталық бөлігінде болған еді. Атыс салдарынан ауыр жарақат алған медицина колледжінің үшінші курсында оқитын жас жігіт көз жұмды.

«Аталмыш қылмыстық іс бойынша Қызылорда қалалық соты үкім шығарды. Қызылорда қаласының тұрғыны  тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режімдегі түзеу мекемесінде өтейді», – деп жазылған Қызылорда облыстық соты баспасөз қызметінің хабарламасында. Ал екінші күдіктінің шартты түрде бес жылға бас бостандығы шектелді. Ол пробациялық бақылауда болады.

Естеріңізге сала кетелік, үстіміздегі жылдың 27 наурызында сағат 14.50-де Қызылорда қаласының орталық бөлігіндегі Әйтеке би көшесі бойында жастар арасында атыс болған еді.

Оқиғаның ізін ала Қызылорда облыстың ішкі істер департаменті басшыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, атыста бір адамның жарақат алғаны айтылды. 

Одан кейін облыстық медицина орталығында ауыр жарақат алған азаматқа ота жасалды.  Оқиға салдарынан ауыр жарақат алған азамат сол күні көз жұмды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<