Жетісу облысындағы Алакөл көлінде қайғылы жағдай орын алды. Екі гидроциклдің соқтығысуы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Оқиға бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 17 шілде күні Алакөл көлінің акваториясында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бір гидроцикл екіншісін қағып, соның салдарынан ауыр зардаптар орын алған.
Апат салдарынан бір адам оқиға орнында көз жұмды, тағы бір адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Қазіргі уақытта соқтығыстың себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр.
Оқиғаға байланысты Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
ТЖД мамандары қолданыстағы шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларына сәйкес, навигациялық шамдармен жабдықталмаған кемелердің қараңғы уақытта суға шығуына тыйым салынатынын еске салды.
Құтқарушылардың айтуынша, шомылу маусымы басталғалы бері Алакөл көлінде күн сайын профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап ТЖД қызметкерлері шағын көлемді кемелердің пайдаланылуына мемлекеттік бақылау жүргізуде. Осы уақыт аралығында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 108 әкімшілік хаттама толтырылған.
Ведомство гидроцикл және басқа да шағын көлемді су көліктерінің иелерін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Атап айтқанда, тыйым салынған уақытта суға шықпау, құтқару кеудешелерін міндетті түрде пайдалану, қажетті кеме құжаттарын өзімен бірге алып жүру және белгіленген жолаушы сыйымдылығынан асырмау қажет.
Құтқарушылардың айтуынша, осы қарапайым ережелерді сақтау судағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.






