Алдағы үш күнде Қазақстанның көптеген өңірінде жауын жауады

248

0

Алдағы үш күнде Қазақстанның көптеген облысында нөсер жауып, дауыл соғуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап. 
Кеше Қазақстанның солтүстік облыстарында жауын-шашынға себеп болған суық арктикалық ауа ағындары шығысқа қарай жылжып келеді. Алдағы тәуліктерде елдің оңтүстік-шығысы мен шығысында жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді. Қалған аймақтың ауа-райына Еділ өзені аймағынан келетін антициклон ықпал етеді. Оның ықпалы қысқа мерзімді болады, себебі Баренц теңізінің үстінде кезекті арктикалық ауа ағындары қалыптасып жатыр. Ол 25 мамырда күндіз Қазақстанның солтүстік облыстарына жетіп, оңтүстік және оңтүстік-шығысқа қарай жылжиды. Осыған байланысты тек оңтүстікте және 25-26 мамыр күндері республиканың оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз болады.
 Қазақстанның қалған аумағына жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейіп, арты дауылға ұласуы мүмкін. 24 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланады. Жел оңтүстік-батыстан және батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғып, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с-қа дейін үдеуі мүмкін. Кей жерлерде найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы ықтимал.
Петропавл қаласында 24 мамыр күні оңтүстік-батыстан және батыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<