Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, апробациялық, сынама жұмыстардың өте қажет екендігін ғылыми жүйеленген жұмысты ертең халық қолданатындығын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
«Ғылыми негіз бірбасқа, оның халық арасына кірігіп, сіңісуі бір басқа. Сондықтан халықтың өзіненсұрау бойынша жүргізілген жұмыстар да нәтижесін беріп жатыр», -дейді ол.
Семинар-кеңесте А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкерлері және тіл білімі саласының ғалымдары баяндама жасады.
А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Нұргелді Уәли қазақ тілінің жаңа емле ережесін әзірлеу барысында басшылыққа алынған ғылыми принциптер мен үрдістерге кеңінен тоқталып өтті.
«Елбасының жазуды реформалауы ұлттық жаңғыру идеясына байланысты болды. Жазуды реформалау кезең-кезеңімен өткізілетін үрдісті жұмыс. Біз соның екінші кезеңіне келдік. Бірінші кезең әліпби түзу болса, екіншісі ереже түзу, яғни қазақ орфографиясының ережесін жасау. Бұл дұрыс жазуды, үлгілі жазуды көрсететін құжат есебінде. Біздің институтта ережелер барысы жасалып, Мәдениет және спорт министрлігі құрған орфографиялық комиссияның қаралуына жіберілді. Біз 19 тараудан, 150-ге жуық тармақтан тұратын ереже жасадық. Комиссия екі бағытта жұмыс істеді, бірі ғылыми редакциялық, екіншісі, әдеби редакциялық жұмыс», -дейді профессор.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжанова еліміздің түкпір-түкпірінде сауалнама жүргізіп, еміленің апробатциясын өткізгендіктерін жеткізді.
«Еміленің алғашқы жобасын А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты әзірлеген, дегенімен оны ғалымдар арасында ғана талқыға салып қоймай, алдымен халық арасында да апробациядан өткізуді жөн санадық. Сөйтіп апробацияның алғашқы кезеңінде 1600 адам сауалнамаға қатысты. Соның нәтижесінде даулы болған орфограммалар, қазіргі қоғамның санасында қалай шешіліп жатыр екен деген сұраққа жауап іздедік. Мәселен, «Рахмет» дегенде «х» мен жазылған сөзді қолдайтындар мен «Рақмет» нұсқасын қолдайтындар арсындағы айырма аз мәнге ие болды. Яғни, бұл екі орфография да біздің халықтың санасында белсенді деген сөз. Сондықтан тіл танушы осы екеуінің біреуін таңдағанда көзсіз абсолюттік мәнге сүйенбеу керек. Мәселен 200 адам «х» мен жазылғанды қолдады осыны қолдайық, ал «қ» әрпімен жазылғанды 150 адам ғана қолдады деп оны шығарып тастауға болмайды. Мұндай жағдайда бұл екі орфограмманың да біздің емле ережемізге кіруге құқығы бар», -дейді А.Фазылжанова.
Әділет МҰСАХАЕВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<