Адам өміріндегі үлкен жетістіктерінің бірі – адал дос таба білу. Кез келген қиыншылық пен қуанышты өзіңнің адал досыңмен бөлісіп, сырласқың келеді. Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шырт сынары анық… Кеше ғана арамызда бекзат болмысымен жарқылдап жүрген Қамбарбек досымыздан қапыда айрылғанымызға жыл толыпты. Сыр елінің асыл азаматының аз ғана алтындай ғұмыры елу екі жасында мәңгілік ағысқа ауысты. Зымыраған уақытқа тоқтау бар ма? Бір қанатымыз қайрылғандай күй кешіп жүрміз. Өлім түгілі өкпеге де қимайтын адал дос жайлы ендігі жерде тек естелік айтамыз деп кім ойлаған?
Досымыз Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбараков 1973 жылы 2 наурызда Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында өнегелі отбасында дүниеге келген. 1990 жылы Жаңақорған ауданы Өзгент ауылындағы №224 орта мектепті аяқтап, 1996 жылы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының АӨК экономист менеджер мамандығы бойынша, 2005 жылы Қазақ Гуманитарлық Заң университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбектің ыстық-суығын жақсы білетін азамат әкеден алған тәрбие мен өмірлік ұстанымын ұштастыра жүріп, қызмет жолында біршама жетістіктерге жетті. Еңбек жолының 1997-2009 жылдары аралығында Қызылорда облысы бойынша салық саласында қызмет етіп, өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосты, абыройлы қызмет атқарды. Еңбекқорлығы мен қабілетінің және жұмысына өте мұқият болуының арқасында қызметте сатылап көтеріліп, 2001-2002 жылдары Шиелі ауданы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, 2002-2004 жылдары Жаңақорған ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, 2004-2008 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Шиелі және Жаңақорған аудандарында Салық басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Біздің таныстығымыз салық саласында қызмет ете жүріп басталып, әр саланың орта буын кәсіби азаматтары жиналған «70 клубы» ортасын қалыптастырып, отбасылық достар ретінде бүгінгі күнге дейін араласып келеміз.
Қамбар облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары болған уақытта мен де орынбасар қызметін атқарып, кабинетіміз бір-бірімізге көршілес отырып, облыстың қазынасын толтыру, жергілікті бюджет кірісін ұлғайту мәселелерін кең ауқымда талқылап, кеңесе шешкен жұмыстар көп еді. Салық саласының қыр-сырын толық меңгерген, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, сала ардагерлерін бағалай білген, жаны жайсаң дос еді.
Қай қызметте жүрсе де өзінің іскерлігін, қарапайым адамгершілік болмысымен, салиқалы ой-пікірімен танылып жүрді. Досымыз Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы жаңадан құрылғаннан бастап он жылдай басқарды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, Шиелі ауданының әкімі, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы қызметтерін жоғары абыроймен атқарды.
Әрине, әртүрлі салаға жетекшілік ету, ол саланы ілгерілету, кемшіліктерін жою біліктілік пен ұқыптылықты талап етеді. Бұл қасиеттер Қамбарбек досымыздың бойынан табылып, өңірдің экономикалық ахуалын арттыруда, қаржы қазанының толымдылығын қамтамасыз етуде қажырлы еңбегін көрсете білді. Қызмет еткен соңғы уақытында бюджет жүйесінде атқарған еңбегі, әсіресе орталық министрліктермен тығыз жұмыс жасап, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік жобаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде облыс бюджетінің қарқынды өсуіне зор үлес қосты. Нәтижесінде, өңіріміздің экономикалық көрсеткіштерінің динамикасы артып, Қызылорда облысы экономикасы тұрақты, дамыған көшбасшы өңірлердің қатарына енді.
Еңбек жолының соңғы жылында жанына жабысқан дертке бой алдырмай, ақырғы сәтіне дейін тапжылмай еңбек етті, ел аманатын жауапкершілікпен орындады. Қамбарбек өз қызметінің лайықты сый-құрметін алған абыройы биік азамат. «Үздік мемлекеттік қызметші», «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» басқа да мерекелік медальдармен марапатталды. Жаңақорған және Шиелі аудандарының құрметті азаматы атанды.

Досымыздың біздер үшін ең үлкен атағы оның ел ішіндегі абыройы, артында қалған үлгі аларлық істері болып қалады.
Жауапты да күрделі қай қызметте де өзінің кәсіби біліктілігін көрсетіп, аймақтың қаржы-экономика саласының барлық мектебінен өткен арыс азамат отбасына тірек, ағайын-туысқа қамқоршы, дос-жаранға құрметті болатын.
Досымыздың әкесі Амангелді Абдуллаев ұзақ жылдар бойы Жаңақорғандағы шипажай жұмысын жолға қойып, осы саланың дамуына сүбелі үлес қосқан, одаққа танымал еткен білікті басшы, ауданның құрметті азаматы, қайырымдылық істерге атсалысқан зиялы азамат. Ел егемендік алған тұста шипажайды сақтап қалған. Осындай тектілік ұясынан шыққан Қамбарбек досымызда да бекзаттық болмыс басым болатын.
Ол достыққа адал, ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, кішілік пен кісілік пейілінен айнымаған, бір жанға қылдай қиянат жасамайтын, ақкөңілділігімен қоса дарқан мінезділігі көпшіл болуына әсер берді. Қамбарбек пен аяулы жары Айнұрдың берекелі шаңырағы әрқашан қонақтардан үзілмейтін, дастарқаны қонақжайлықтың керемет көкжиегі болатын.
«Алып анадан туады» демекші Қамбарбек досымыздың анасы, үлкен әулеттің берекесі болып отырған Фатима анамыз да тектінің ұрпағы. Төрт перзентін дүниеге әкелген өмірлік серігі Айнұр да қарашаңырақтың ұйытқысы, отанасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Ата-анадан тәлімді тәрбие алған ұрпақ өсіп келеді, үлкендері елге абыройлы қызмет етуде.
Осындай ісі көпке үлгі бола білген асыл досымыздың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.
Талғат МАТАЕВ,
экономика ғылымдарының докторы





