Ақмола облысында зиратты су шайып, мүрделер ашылып қалып жатыр

213

0

Ақмола облысының Қошқарбаев ауылы маңындағы зиратты су басып, мүрделер ашылып қалып жатыр, – деп хабарлайды Almaty.tv.

Телеарна мәліметінше, бұл зират елордадан 40 шақырым жерде орналасқан. Нұра өзені арнасынан асып тасығанда су басып, мүрделер ашылып қалып жатыр екен. Зираттың жағдайына алаңдаған жұртшылықтың амалы таусылған. Мүрделер ашылып қалып, қайта көміп отырамыз дейді.

«Жылда қолға ілінгенін, көзге көрінгенін осы зираттың жанында, ауылдың азаматтары имаммен, әкімшілікпен бірге келіп, сүйектерді жинап дұғасын оқып, қайтадан зираттың бұрышына көмеді. Жүрегімізді ауыртады», – деді Қошқарбаев аулының тұрғыны Сейіт Ибраев.

Телеарна мәліметіне қарағанда, мәселе 5 жыл бұрын басталған. Өзен арнасының өзгеруіне елордадағы құрылыс компанияларының заңсыз әрекеттері себеп болыпты. Олар қаражат үнемдеу мақсатында тегін тас пен топырақ алып, соңы осындай проблемаға әкеп соққан. Ал өзен суын тұрғындар қажетіне де қолданады екен.

«Сол суды біз бау-баққа қолданамыз. Балалар шомылады. Жаз бойы сол көпірдің маңында қаладан, басқа жерлерден демалуға келетін адамдар бар. Сол судың астында балыққа қарағанда адамның сүйегі көп. Ол талай дәлелденген», – деді Сейіт Ибраев.

Мәселе жөнінде облыс, аудан басшылары хабардар екені атап өтілді. Тұрғындардың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттары әзірлегендерін де жеткізген. Бюджеттен қаражат бөлінген бойда Нұра өзенінің арнасын өзгертуді жоспарлаған. Әкімдік өкілдері болса, тұрғындардың сөзін растап, осыдан 3 жыл бұрын жұмыс тобы құрылғанын, қаражат бөлуді қарастырғанын айтады.

«2019-2020 жылдарға облыстан қаражат қарастырылмаған, сөздің ашығы. Біз ауданнан жібердік, бірақ облыстан тоқтап қалды. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжатты жасау үшін есептеу жұмысына бюджетке тапсырыс жасалды. Есептеу жұмысы біткеннен кейін жобалық-сметалық құжатқа қаражат қарастыратын шығармыз», – деді Целиноград ауданы Тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мэлс Жұмабаев.

Телеарна мәліметінше, 50 жылдан асқан қорымның бүгінде үштен бір бөлігі қалған. Ал жұртшылық мұның соңы экологиялық мәселеге әкеліп, ауыл тұрғындары арасында ауру тарап кету қаупі бар деп алаңдайды.