Арал тағдыры – нақты нәтижеге жету жолындағы әрекеттердің сыналар шағы

5

0

Ақордада Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларына саммитке қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі кездесу өңірді орнықты дамыту қағидаттарына, прагматикалық және өзара келісілген экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бейіл екенімізді растайды. Осы жиында Қордың даму перспективасын талқылап, Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтауды көздейтін ортақ шешімдерді айқын­даймыз. Бұл кең ауқымдағы халық­аралық мәселе болғандықтан, біздің жұмысымызға көптеген мемлекеттер, халықаралық ұйымдар назар аударып отыр. Аралды құтқару мәселесі көп жылдар бойы аймақта да, әлемде де айтылып келеді. Өңірдің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өркендету – ортақ әрі қол жеткізуге болатын міндет. Аталған басқосу ынтымақ­тастықты нығайтуға тың серпін беріп, аймақ мемлекеттеріне пайдасын тигізеді деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азиядағы су шаруашылығы мен экологиялық мәсе­лелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа екеніне тоқталды.

– Қор Арал теңізін құтқаруға ба­ғытталған халықаралық қолдау шара­ларын шоғырландырып, бірлес­кен бастамаларды іске асыруда ай­тарлықтай рөл атқарады. Қазақстан Қорға төрағалық ету барысында барлық құрылтайшы мемлекеттердің қатысуымен көптеген өзекті мін­дет­тердің шешімін табуға дәйекті түрде ықпал етті. Мысалы, су-энергетика саласындағы ынтымақ­тастық ны­ға­йып, жобаларды қаржыландыру тетік­тері кеңейіп келеді. Қордың Ат­қарушы комитетінің үйлестіру қыз­метін арт­тыру жөнінде шаралар қабыл­данды. Халықаралық әріптестермен, соның ішінде БҰҰ құрылымдарымен, қаржы институт­тарымен және донор­лармен ықпал­дастық күшеюде. Халық­аралық та­биғат­ты қорғау бастамалары ая­сын­­дағы жұмыс жанданды. Қордың Ат­қарушы комитеті бірқатар маңызды жиынға, атап айтқанда, Рияд қаласында өткен One Water саммитіне, Найробиде ұйымдастырылған БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі 7-ші Ассамблеясына, сондай-ақ Бакудегі СОР-29 және Белендегі СОР-30 конференцияларына қатысты. Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына және Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін қор­шаған ортаны қорғау жөніндегі Өңір­лік бағдарламасына жіті назар ау­дарылып отыр. Сонымен қатар ха­лық­­аралық ұйымдардың қатысуы­мен 30-дан аса өңірлік жоба жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар мен бастамаларды қаржыландырудың жалпы көлемі екі миллиард доллардан асады. Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен серіктесе отырып әзірлеген 2026-2029 жылдарға арналған Өңірлік жол картасы Арал маңы тұрғындарының денсаулығын жақ­сартуға және әл-ауқатын арттыру­ға үлес қосады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігердің арқа­сында оң нәтижеге қол жеткізілгеніне мән берді.

– Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруа­шылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жағымды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Осылайша, Қазақ­стан­ның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды. Қолдау көрсетіп, бірлесе әрекет еткен барлық құрыл­тайшы мемлекеттерге шынайы алғы­сымды айтамын. Жұмыла жұмыс істеп, мақсат пен нақты істі сабақ­тастыра отырып, халықтарымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуде бұдан да зор табыстарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі жетістіктерге қарамастан, экологиялық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақсатында қабыл­дан­ған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағ­да­йын талдау нәтижелері көрсетіп отыр.

– Арал бассейніндегі экологиялық ахуал алаңдатарлық. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Арал маңайындағы климат айтарлықтай өзгеріске ұшы­рады: жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын көлемі азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмос­фераға көтеріледі. Олар әлемнің ең шалғай түкпірлерінен, мәселен, Сол­түстік Мұзды мұхиттан табылып, алыс аумақтағы топыраққа, экожүйеге және адамдардың денсаулығына зиян кел­тіріп отыр. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңның Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетуі алаң­даушылық туғызады. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұздықтар үшін кейінгі гидро­логиялық жыл бақылау жұмыс­тары басталғаннан бергі (1950 жылдан) ең нашар кезең болған. Мұздықтардың азаюы тұтас аймақтағы су қауіпсіздігі­не қатер төндіруде. Сондай-ақ су тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Барлық су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы мақ­сатында пайдаланылады, яғни суар­малы жүйедегі шығын азаймай тұр. Мұндай жағдайда келісілген және ұзақмерзімді шешімдер әзірлеген жөн. Стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі ауқымды шешімдерді бірлесіп қа­былдап, өнімді жұмыс істей алаты­нымызды әлемге паш етейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент су проблематикасын аймақ елдеріне ортақ әрі халықаралық қоғамдастық назар аударатын өзекті мәселе ретінде қарастыруға шақырды.

– Бұл – ұлттық деңгейдегі немесе тактикалық емес, әлемдік маңызы бар стратегиялық міндет. Сондықтан нақты іске көшу керек. Қор жұмысының ұйымдастыру механизмдерін жаңарту да өзекті. Сол арқылы Ұйым қызметінің қолданбалы сипаты күшейе түседі. Біздің ойымызша, Қордың өңірге ортақ платформа ретіндегі рөлін нығайта түскен жөн. Осылайша, су, экология және орнықты даму мә­селелерін Орталық Азия елдерінің мүддесіне сай тиімді шешуге болады. Бұған дейін қалыптасқан өзара ықпал­дастықты дамытқан дұрыс. Халық­ара­лық сарапшылардың бақылауынша, соңғы жылдары су мәселесінде аймақ елдері өз мүдделерін алға шығарып отыр. Яғни халықаралық аспектілер, өзара ынтымақтастық, соның ішінде көршілес мемлекеттердің қажеттілігі ескерілмейді. Олардың пікірінше, су-энергетика саласында тепе-теңдіктің болмауы, транс­шекара­лық өзендерді басқару тәртібінің бұзылуы, эколо­гиялық зардаптың салдарын елемеу – негізгі себеп. Дәл осындай қиын жағ­дайда әр елдің суға қатысты стратегиясын ұштастыруға ұмтылып көру керек. Бұл су үнемдеу ісіндегі озық тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Орталық Азия мемлекеттері басшы­ларының был­тырғы Консультативтік кезде­суінде халықаралық стан­дарт­тарға сүйене отырып, Суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция қабылдауды ұсынған едім. Мұндай конвенция қабылдау көпжақты ықпал­дастықтың келісілген қағидаттарын бекітуге және трансшекаралық суды пайдаланудың тиімділігін арттыруға жол ашады. Осы мәселеге зейін қоюларыңызды сұраймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев су саласын цифрландыруды, соның ішінде Сыр­дария мен Әмудария бассейн­дерінде мониторингтеудің бірыңғай автомат­тандырылған жүйесін енгізуді басты міндет ретінде атады. Бұл тетік дерек­тердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.

– Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі он учаскені автоматтандыруға кірісті. Осы тәжірибені Арал теңізіндегі барлық бассейнге енгізуге болар еді. Қорды институционалдық тұрғыдан одан әрі дамыту мәселесі өзекті. Бұл үдеріс біршама созылып кетті деп ойлаймын. Кезек күттірмейтін міндеттің бірі – Мемлекетаралық энергетика комис­сиясын құруды аяқтау. Елдерімізді тұрақты әрі сенімді түрде сумен қамту бойынша энергетика саласындағы іс-қимылды үйлестірудің маңызы зор екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан, біздің ойымызша, Қордың су шаруашылығы және энергетика комис­сияларының отырыстарын ұш­тас­­тырған жөн. Ең әуелі, мемлекет­аралық энергетика комиссиясының Сырдария өзені бассейніндегі жұ­мысын жолға қою орынды деп санаймыз. Одан кейін ықпалдастық тетіктерін жетілдіре отырып, Арал теңізінің тұтас бассейнін қамту арқылы бұл форматтың аясын кеңейтуге болады. Бірнеше кезеңнен тұратын мұндай тәсіл аймақтағы барлық елдің мүддесін сақтауға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, аймақтағы су мәселелері мен эко­ло­гиялық сын-қатерлер арта түскен сәтте өзара келісімге келіп, кедергілерді бір­лесіп еңсеру үшін күш-жігер жұ­мыл­дыру, бірлік таныту – өте маңызды.

– Баршаңызға белгілі, Қырғыз­станның Қордағы қызметі тоқтап тұр. Бұл – Қырғыз мемлекетінің өз еркі. Қа­зақстан оған құрметпен қарайды. Бұл ретте Қазақстан ведомстволар ара­сындағы жұмыс деңгейінде Қырғыз­станмен байланыстың дамуын жоғары бағалайды және қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын. Ор­талық Азияның орнықты дамуы үшін Қырғызстанның тәжірибесі өте маңызды. Сондықтан еліміз Қырғыз­станның Халықаралық Аралды құт­қару қорындағы қызметін ертелі-кеш жаңғыртады деп есептейді. Біз бұған тек қуанар едік. Қордың аймақтағы рөлін нығайту мақсатында көпжақты ықпалдастықтың түрлі форматында, соның ішінде Консультативтік кез­десулердің күн тәртібінде су мәселесін қарастыруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент сұранысқа ие жобалардың қосымша қорын жасақтау үшін халықаралық ұйым­дармен, донорлармен және қаржы институттарымен бірлескен жұмысты күшейтудің маңызына тоқталды.

– Бүгін Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында БҰҰ-ның мамандандырылған инс­титуты ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастаманы қайта көтердім. Мұндай құрылымды жа­сақтау – уақыт талабы. Бұл бастаманы халықаралық су қоғамдастығы да қолдап отыр. Аталған тетік аймақтағы су қауіпсіздігін сақтау мәселесінде әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін шоғырландыруға ықпал етеді. БҰҰ аясында жұмыс істейтін мұндай институт ешбір елге, әсіресе, Орталық Азия мемлекеттеріне зиянын тигіз­бейді. Сондықтан осы бастамаға қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Тіпті оны Біріккен Ұлттар Ұйымына Орталық Азия елдерінің ортақ жобасы ретінде ұсынуға болады. Осылайша Орталық Азияның бірқатар мемле­кеттерінің астаналарында UN Water ұйымының жекелеген сегменттерін ашуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, БҰҰ аясында Арал су жүйесінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күндерін бекіту туралы бірлесіп бастама көтерген жөн. Сол арқылы Аралдың су экожүйесін сақтау мәселесіне әлем назарын аудара аламыз. Мен айтқан ұсыныстардың барлығы біздің ортақ мүддемізге сай келеді. Бұл – саяси популизм емес, оның ешқандай астары да жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Арал тағдыры – аймақ елдеріне төнген зор экологиялық қауіп-қатер ғана емес, нақты нәтижеге жету жолындағы әрекеттердің сыналар шағы екенін айтты.

– Аймақтың тағдыры тек қана өз қолымызда, сенімді диалог пен елдеріміз арасындағы тығыз ынты­мақтастыққа тікелей байланысты. Құрметті әріптестер, президенттер, қадірлі бауырлар, бәріңіз су мәселесінің маңызын жақсы түсінетін ықпалды әрі тәжірибелі азаматсыздар. Өңірде су болмаса, Орталық Азия елдерінің де күні қараң. Су жастарымыздың тұр­мысын жақсартып, болашағын жарқын етеді. «Су – тіршілік көзі». Бүгінгі саммит Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне тың серпін беріп, халықтарымыздың игілігі жолындағы өңірлік өзара ықпал­дас­тықтың жаңа кезеңіне айналады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Кеңес отырысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бер­дімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай сөз сөйледі.

Саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. «Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан Республикасының төрағалық ету барысы туралы» Халық­аралық Аралды құтқару қоры құрыл­тайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;

2. «26 наурызды Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау жөнінде» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мем­лекеттер басшыларының шешімі;

3. «Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшы­ларының шешімі;

4. Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер бас­шы­ларының Астана мәлімдемесі.