Аралдық кәсіпкер «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атанды

474

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Бүгін Астанада бизнес, ғылым, мәдениет, медиа және ақпараттық технологиялар саласындағы үздік 30 жобаның авторына «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды.

Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Атап өту керек, Мемлекет басшысы 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау мақсатында тағайындаған болатын. Грант аясында 63 адам өз жобасын Қазақстанда ғана емес шетелде де түрлі салаларда табысты жүзеге асыруда.

30 үздік жобаның қатарынан табылған аралдық кәсіпкер Кушжанова Арсена 3 млн теңгенің грантын иеленді. Үздіктің марапатын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.

«Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова түрлі өсімдіктің қоспасынан сабын дайындайды. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе, ешкі сүті, жантақ қосылған емдік қасиеті бар сабын шығаруда. Бұл сабын түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар екен. Арсенаның емдік әрі хош иісті сабыны «Қазақстанның үздік тауары-2023» өңірлік көрме-байқауында-ақ сұранысқа ие болды.

Кәсіпкер қазіргі таңда сабынның 11 түрін шығарып отыр. Соның ішінде 3 сабын емдік қасиетке ие. Өндірілген сабынның құрамында хош иістер, бояғыштар мен консерванттар жоқ, тек табиғи ингредиенттер бар. Судың орнына ешкі мен түйе сүтін қосады, сонымен қатар түйе тікенегі қосылған шөп сабынының рецептін ойлап тапқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<