Құрылтай

Ардагерлер арасында дәстүрлі балық аулау жарысы өтті

7

0

Жалағаш ауданында ардагерлер арасында дәстүрлі балық аулау жарысы ұйымдастырылды. Жыл сайын өткізілетін тағылымды шара ардагерлердің белсенді өмір салтын насихаттап, олардың өзара ынтымағы мен бірлігін нығайтуға бағытталды.

Жарыстың ашылу салтанатында Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет қатысушыларға сәттілік тілеп, аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ардагерлер арасында шахмат, дойбы және басқа да спорт түрлерінен түрлі жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.

– Осындай игі шаралар аға буын өкілдерінің қоғам өміріндегі белсенділігін айқын көрсетеді. Өмір жолында адал еңбек етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагерлеріміздің еңбегі әрдайым құрметке лайық, – деді бөлім басшысы.

Сайыс қорытындысымен Аққыр ауылынан Жүсіп Молдашораев І орын, Мырзабай ахун ауылынан Орақбай Әбжанов ІІ орын, Еңбек ауылынан келген Сералы Құйрықбаев ІІІ орын алды.

Сондай-ақ, Жалағаш кентінен Жұмағали Игембаев “Ең ірі олжа”, Мақпалкөл ауылынан Айтбай Төребаев “Балық аулау шебері”, мәдениеттік Егізқара Ибраев “Үздік балықшы”, Бұқарбай батыр ауылынан Ерғара Сүлейменов “Ардагерлер мақтанышы”, ақсулық Серік Қайыров “Жеңіске деген жігері үшін” номинацияларын иеленді.