Бүгін Байқоңырдағы №277 мектеп – лицейдегі алғашқы қоңырау салтанатты жиынына аудан әкімі Сұлтан Мақашов қатысып, 1-қыркүйек – Білім күні мерекесімен құттықтап жылы лебізін жеткізді. Сонымен бірге салтанатты шараға аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, облыстық мәслихат депутаты Кенжебек Үйреков қатысты.
Бұл күн – алтын ұясына сағына ұмтылып, шұрқыраса табысатын шәкірттердің ғана емес, білім мен тәрбиені кие тұтқан абзал ата-аналар мен ұлағатты ұстаздардың да мерейлі мерекесі.
Аудан бойынша бүгінгі күні 1780 бүлдіршін 1-сыныптың табалдырығынан аттаса, №277 мектеп-лицейге 155 бала 1 сыныпқа келіп отыр.
Қазіргі таңда Байқоңырдағы №277 мектеп – лицейде 1245 бала білім нәрімен сусындауда. Биылғы жаңа оқу жылын ауданымыз 29 жалпы білім беретін мектептегі 14255 оқушымен, 3 мектептен тыс, 36 мектепке дейінгі мекемелермен бастады.
Аудандағы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 6 химия кабинеті (№29, №85, №107, №108, №109, №279 мектептерге), 6 физика кабинеті (№28, №29, №107, №108, №109, №269 мектептерге), 3 биология кабинеті (№269, 279, №85) мектептерге берілді.
2017-2018 оқу жылында білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша жаратылыстану-математика бағытындағы физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту үшін 585 мұғалім тілдік курстардан өткізілді.
Сондай-ақ, “Алтын белгі” иегері – 25, «Ерекше аттестатты» 17 оқушы иеленді. Бүгінгі күні 652 бітірушінің 645-і жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Оның ішінде 310 жас түлек (47,5%) жоғарғы оқу орнының грантын иеленді. Бұл 11 жыл үздіксіз білім берген ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Білім күніне арналған салтанатты шарада Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1-сыныпты алғаш аттаған бүлдіршіндерге арналған сыйлық кітабы табысталып, «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбындағы алғашқы сабаққа жалғасты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<