Шиелі ауданы аумағындағы «РУ-6» кенішінде облыстағы аумақтық қорғаныс құрылымдарының «Қорған – 2019» арнайы тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, аймақтағы барлық қорғаныс құрылымдары, сондай-ақ, басқарма басшылары қатысты.
Он күнге созылған оқу-жаттығу жиынында қорғаныс өкілдері Отанымыздың халқын, нысандарын және коммуникацияларын диверсиялық актілерден немесе терроризм актілерінен қорғау, төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін енгізу және қамтамасыз ету мақсатында өздерін жан-жақты қырынан көрсетті. 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында өткізілген ауқымды шарада облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким Отан қорғаушыларды мерейлі мерекемен құттықтады.
– Отан қорғау – әрбір азаматтың парызы. Әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар сақтық шараларын нықтауды қажет етеді. Оқу-жаттығуда сарбаздар барлық жағдайға сақадай-сай екендерін көрсетті. Түптеп келгенде, елдің егемендігін сақтап, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына әрбіріміз жауаптымыз. Мереке құтты болсын, – деді Е.Ким.
Оқу – жаттығу жиынында ерекше көзге түскен сарбаздарға алғыс хат табысталды. Әскери міндетін мүлтіксіз орындап, марапат мінберіне шыққандардың бірі – Шиелі ауданының қорғаныс батальон командирі, майор Пазылбек Оспанов.
– Биыл үшінші рет қатысып отырмын. Бізге тәжірибе береді. Ұмыт қалып бара жатқан әдіс-тәсілдерді қайта қолға аласың. Менің ойымша, мұндай шара жиі өткізіліп тұрғаны жөн. Сонда біздің сарбаздар да ширақ бола түседі. Ал марапатқа келсек, менің жеке жеткен шыңым емес, бұл марапатта тұтас батальонның төккен тері мен еңбегі бар, – деді майор.
Оқу-жаттығу жиыны салтанатты шерумен аяқталды. Мұнда қорғаныс саласындағы білікті мамандардан бастап, төтенше жағдайда қажетті техникалық мүмкіндігіміз де сараланып, жұртшылыққа таныстырылды.
Дәулет Қырдан
Шиелі ауданы.