Қармақшылық Әсем Мерекова ұзақ жылдан бері салауатты өмір салтын жанына серік етіп келеді. Енді оның қыр-сырын артық салмақ пен денсаулығы мазалаған замандастарына дәріптеп жүр. Аудан орталығы мен Төретам кентінде әйелдерге арнап саулық залын ашқанына көп болған жоқ. Әйтсе де, келушілердің қарасы көп.
– Бұл менің көптен бергі арманым еді. Уақыт өте келе бұл тек менің емес, көптеген әйелдің ішкі сұранысы екенін түсіндім. Әйелдердің көбі спорт залына баруға ұялады, өзін ыңғайсыз сезінеді немесе нақты әйел ағзасына бейімделген жаттығуды таба алмайды. Сондықтан әйелдің физиологиясын, гормондық циклді ескеретін, қауіпсіз, қолдаушы орта құру басты мақсатым болды. Бұл жай зал емес, бұл – әйелдің өзін қайта табатын кеңістігі, – дейді Жосалы және Төретам кенттеріндегі «Әйел саулығы» академиясы филиалының негізін қалаушы Әсем Мерекова.
Бұл залға артық салмақтан арылғысы, бел, іш аймағын қалыпқа келтіргісі, гормон тепе-теңдігін дұрыстап, энергиясын арттырғысы келетіндер жиі бас сұғады. «Арықтаймын» деп келетін әйелдердің мақсаты кейін өзін жақсы көруге ұласады екен. Саулық залының жетекшісі мұны үлкен өзгеріс деп есептейді. Бірнеше жаттығудан кейін қыз-келіншектер жеңілдікті сезінеді, денесіндегі ісік қайтып, ашу-ренішін басқара алатын деңгейге жетеді. Күйеуі, балалары және өзге де жақын адамдарымен қарым-қатынасы жақсара түседі. Ескеретін нәрсе, адам мұның бәріне бірден емес, алдына айқын мақсат қойып, жаттығу жасауға біртіндеп және үзіліссіз бейімделгенде ғана қол жеткізеді.
– Иммунитет дәріханада сатылмайды. Ол күнделікті әдеттер арқылы қалыптасады. Мысалы, 7-8 сағат ұйқы, таза ауа, 20-30 минут болса да қозғалыс, қантты азайту, фастфудтан бас тарту, ішек микрофлорасын сақтау, ашуды немесе күйзелісті басқару. Ағзаға жағдай жасасаңыз, ол өзі-ақ қалпына келеді. Менің де кежегем кері тартатын кездер болады. Ондайда өзімді қинамаймын. Бірақ толық тоқтап қалмаймын. Мысалы, 5 шақырымның орнына 2 шақырым жүгіремін. Кейде суық судың орнына бөлме температурасындағы суға түсемін. Маңыздысы – идеал болу емес, жүйелілік. Өмірлік принципім – «бүгін өзіңді басқара алмасаң, кейін өмір сені басқарады» деген сөз, – дейді кейіпкеріміз.
Ол Қармақшы аудандық ауруханасында акушер болып қызмет атқарады. Медицина өкілдері көбіне дәрі-дәрмекпен емделу жолын ұсынатыны рас. «Сіз ұсынған тәсіл мен бұл екеуінің қайсысы дұрыс?» деген сұрағымызға екеуі бірін-бірі толықтырып тұратынын жеткізді.
– Алда-жалда ауырып қалған жағдайда медицина көмегі қажет. Бұл жерде дәстүрлі медицина маңызды. Ал созылмалы мәселелердің ауқымды бөлігі өмір салтына байланысты. Егер адам ұйықтамаса, дұрыс тамақтанбаса, қимылдамаса, тек дәрімен толық сауығу қиын. Сондықтан медицина мен салауатты өмір салтының үйлесімде болғаны жөн. Біз үнемі жеңіл жағын таңдаймыз. Басымыз ауырғанның өзінде дәріге ұмтыламыз. Денемізді тыңдап, тынығып, өзімізді тынышталдыра білсек, қандай ауруды болса да дәрісіз емдеп жазуға болады, – дейді Әсем Мерекова.
Ол таңмен таласа жүгіруді және үстіне мұздай су құйып, қыста қарға шомылуды әдетке айналдырғалы талай жыл. Желаяқтардың марафонына қатысып тұрады.
– Бұрын сыртқы келбетім өзіме ұнамайтын. Табаным мен қолым жылымайтын. Салауатты өмір салтын ұстанғанның арқасында өзіме көңіл толмаушылықтан, үсті-үстіне жамап алған аурулардан арылдым. Көп жылдан бері осы әдеттерім туралы әлеуметтік желілерде үзбей жариялап жүрмін. Мұны көріп, қайталаған адамдардан оң пікірлер еститін болдым, – дейді ол.
Кейіпкеріміз әйелдерге арналған саулық залын көпке пайдасы тию үшін ашқан. Залға келгендердің алды әлден шарапатын көріп жатыр. Академия филиалының жетекшісі жақсы нәтиже көрсеткендерге түрлі жеңілдіктер ұсынып, ынталандырудың жолын тапты.
Сөз соңында ол қыз-келіншектерге жылдам нәтижеге жетуді ойлау ең үлкен қателік екенін жеткізді.
– Арықтау үшін қант пен ақ ұнды азайтып, ақуызды көбейту керек. Күнделікті 8-10 мың қадам жүріп, су режимін сақтау, ұйқы сапасын дұрыстау мен үнемі қозғалыста болудың маңызы зор. Ең маңыздысы – диета емес, тұрақты әдет қалыптастыру. Аз-аздан бес мезгіл рахатын сезініп отырып тамақтану, асты асықпай шайнап жеу, кешкі сағат алтыдан кейін тамақ ішпеу керек. Біздің энергиямыздың көбі тамақ қорытуға кетеді. Сондықтан кешкі тағам жеңіл болуы керек. Сол кезде ұйқы да терең, сапалы болады, – дейді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





