Астананың 20 жылдығы: Альпинистер мен БАҚ өкілдері 20 шыңды бағындырады

120

0

Астананың 20 жылдығы құрметіне қазақстандық альпинистер мен БАҚ өкілдері 20 шыңға экспедиция жасайды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Қазақ Туризм» ҰК басқарма төрағасы Рашид Күзембаев ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында мәлім етті.

«Астананың 20 жылдығына бірнеше жоба жоспарланған. Солардың бірі – Қазақстанның 20 тау шыңына экспедиция аттандыру. Белгілі қазақстандық Мақсұт Жұмаев, Бағлан Жүнісов, Артем Скопин секілді альпипнистер, БАҚ өкілдері мен блогерлер қатысады. Олар Алтай таулары, Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Өгем жотасы, Орталық Тянь-Шань тауларына шығады», – деді ол ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасын іске асыру туралы брифингте.

Ұлттық компания басшысының айтуынша, экспедиция келесі айда басталады және екі шыңға көтерілуде альпиниада ұйымдастырылады. Альпинизм фестиваліне мыңдаған адам қатысады деп жоспарланған.

Одан бөлек, танымал саяхатшылар мен БАҚ өкілдері, блогерлер үшін Қазақстанның 20 табиғи нысанына 6 бағыттан құралған экспедиция әзірленіп жатыр. Бұл экспедиция қазақстандық туристік өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, Рашид Күзембаев наурыз айындағы қытайлық блогерлерге арналған ақпараттық тур нәтижесі туралы айтып берді.

«Қытайлық блогерлер сапарынан кейін Қытай интернет желісіндегі Қазақстан туралы жарияланымдардың қаралымы 35 миллионға жетті. Қазақстанның Қытайдағы танымалдығы артты. Ресейлік блогерлердің де бір тобы келіп-кетті, екінші тобы күзге қарай келеді», – деп өз сөзін түйіндеді Р. Күзембаев.