Аудан орталықтарын газдандыру жалғасуда

239

0

 Елбасы ұсынған әлеуметтік бастамалардың бірі – елді мекендерді газдандыру бойынша Сыр өңірінде аудан орталықтарына «көгілдір отын» жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы екі жылда Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кенттері газдандырылады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабыл­дауына келген азаматтар осындай  қуанышты хабарды естіп қайтты. 

Айта кету керек, партия филиалының қабыл­дауында «ҚазТрансГаз Аймақ» Қызылорда өнді­рістік филиалы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Сәтмағанбетов тұрғындарды қабылдап, газдандыру мәселесіне қатысты сауалдарына жауап берді. Елбасы бастамасының орындалуын жүзеге асырушы жауапты мекеменің өкілі тұрғындар сауалдарына жауап беріп қана қоймай, жақсы жаңалықтармен қуантты.

–  Облыс  бойынша  «Бейнеу-Бозой-Шымкент»  магистральді газ құбырына Арал, Қазалы, Шие­лі және Жаңақорған аудандарының орталығы мен Байқоңыр қаласы қосылған. Бүгінде Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Ал Сырдария және Жалағаш аудандарынан салынатын автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысына бюджеттен қаржы бөлінген. Мамандар Қызылорда қаласының сол жағалауын газдандыру жобасы бойынша да құрылыс жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» Қызылорда өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, Бауыржан Сәтмағанбетов «көгілдір отын» тартылмаған қала іргесіндегі елді мекендер мәселесін де кезең-кезеңімен шешу тиісті басқармалар арқылы қарастырылып жатқандығын да тілге тиек етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<