ҚАУІПСІЗДІК ҚАПЕРДЕН ШЫҚПАУЫ ТИІС

279

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте жазғы маусымда судағы төтенше жағдайлардың алдын алу тақырыбы қозғалды. Шараға ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Жандос Досымов, Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов, ТЖД төтенше жағдай­ларды жою бөлімінің бастығы Әлімжан Марданов қатысты.

– Суға түсу маусымы басталысымен көбіне қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Оның басты себебі – адамдардың қарапайым суға түсу қағидаларын сақтамауынан. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында біз жүйелі жұмыстарды жолға қойдық, про­филактикаға баса мән берілуде. Тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан үгіт-насихаттық рейдтерге қарамастан, суда қаза болғандардың саны үдей түсуде. Облыс бойынша өткен жылы 26 адам суда қаза болған, оның 7-і – бала. Сонымен бірге құтқару қызметі 5 адамның өмірін арашалап қалды, – деді Ж.Досымов.

Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов те тыйым салынған орындарда суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру, ішімдік ішу және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың арты қайғыға душар ететінін жеткізді. Спикер тұрғындарға тек рұқсат етілген аймақтарда ғана шомылуға болатыны ескертілгенімен, оны елемейтіндердің көптігін алға тартты.

Мамандардың айтуынша, облыс бойынша заңды түрде жұмыс жасайтын 3 жағажай тіркелген. Бірі – Шиелі кентінде, қалған екеуі қала аумағындағы «Арай» шағын ауданында және Белкөл кентінде орналасқан. Қазіргі таңда жасақ мамандары алдын алу шараларына басымдық беруде. Өткен жылы олар – 2136, биыл 208 балаға суда жүзуді үйреткен. Сонымен қатар қазір халық көп шоғырланған орындарда жылжымалы құлақтандыру бекеті арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, тұрғындар тілсіз жаудың аранына түспес үшін қауіпсіздікті бірінші орынға қою қажет. Сақтансаң, сақтайды. Бұл жерде әр азамат өз өмірі үшін жауапты екенін ұмытпағаны абзал.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<