Құрылтай

Аудан әкімі Азия чемпионын қабылдап, құрмет көрсетті

43

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Индонезия астанасы Джакарта қаласында өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында көк туымызды көкте желбіретіп, алтын медальді жеңіп алған қазалылық спортшы Зарина Толыбай мен оның бапкері Руслан Жолбарысовты қабылдап, құрмет көрсетті.

– Бүгін біз туған өлкеміздің мақтанышына айналған, халықаралық аренада көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқан дарынды спортшы Толыбай Зарина Өмірбекқызын ресми қабылдауға жиналып отырмыз. Ең алдымен, Сізді Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатындағы жарқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек жеке жеңіс емес, бұл – Қазалы ауданының, Сыр өңірінің және барша Қазақстанның мерейін үстем еткен үлкен жетістік. Зарина – туған жердің тәрбиесін бойына сіңірген, еңбекқорлығы мен қайсарлығының арқасында халықаралық деңгейде мойындалған жас спортшы. Оның бүгінгі жеңісі – тынымсыз еңбектің, табанды жаттығудың және жеңіске деген жігердің жемісі. Осы орайда, чемпионды тәрбиелеп өсірген ата-анасына, алғашқы бапкері Руслан Жолбарысовқа, бүгінгі жаттықтырушыларына, ұстаздары мен спорт саласының барлық мамандарына зор алғысымды білдіремін. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор» деп атап өткен болатын. Сіздің жеңісіңіз осы сөздің жарқын дәлелі. Жанқиярлық еңбегіңіз бен табандылығыңыздың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтеретініңізге сеніміміз мол, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Аудан басшысы Азия чемпионатында топ жарып, ел мерейін үстем еткен жерлесіміз Зарина Толыбайға аудан әкімінің Құттықтауы мен 300 000 теңгенің қаржылай сертификаты және бапкері Руслан Жолбарысовқа Алғыс хат пен 100 000 теңгенің сертификатын табыстап, барша Қазалы жұртшылығының атынан жеңістерімен құттықтады.

Қабылдауда Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегi үшiн» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, ардагер спортшы Қуанған Бәкен сөз сөйлеп, чемпионның жеңісі барша қазақ жұртына ортақ жеңіс екенін айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

Жиында чемпионның бапкері Руслан Жолбарысов пен Азия чемпионы Зарина Толыбай барша қазалылықтардың көрсеткен құрметіне шынайы алғыстарын білдірді.

Чемпионды қабылдау шарасының соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов ақ батасын беріп, алдағы уақытта да чемпионның Әлем шыңдарын бағындыра беруіне тілектестігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде ауданда спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылды. Ауданымызда соңғы 3 жылда 4 спорт кешені мен спорттық алаңдар пайдалануға берілді, жуық арада тағы да Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылдарында 2 спорт кешені ел игілігіне табысталады.