Құрылтай

Аудан әкімі көпір құрылысын мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды

4

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Қызылорда-Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 70,05 шақырымындағы «Қашыртқы» каналы арқылы өтетін көпірге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылап көрді.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 75 пайызы орындалды. Келісімшартқа сәйкес нысанды қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Дегенмен, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылыс қарқыны күшейтіліп, көпірді мерзімінен бұрын, яғни алдағы тамыз айында ел игілігіне беру жоспарлануда.

«Құрылыс жұмыстары сапалы орындалуы тиіс. Құрылыс қарқынын арттырып, нысанды мерзімінен бұрын аяқтап, ел игілігіне табыстауымыз керек. Айналма жолға күнделікті су сеуіп, оны тегістеу жұмыстарын уақытылы жүргізіңіздер. Айналма жол уақытша болса да, жүргізушілерге қолайсыздық тудырмауы тиіс. Жұмысты қатаң бақылауға алып, тиісті деңгейде ұйымдастырыңыздар», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі құрылыс қарқынын арттыру, уақытша айналма жолды күтіп ұстау және көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау бағытында жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Қазіргі таңда аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес уақытша салынған айналма жолды тегістеу және оған су себу жұмыстары уақытылы жүргізілуде.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі