Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафамен кездесті.
Кездесу барысында аудан аумағындағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, спорт кешендерінің жағдайы, материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі және қолданыстағы нысандарды заманауи талаптарға сай жаңғырту тетіктері сөз болды.
Облыстық мәслихат депутаты тарапынан Қазалы қаласындағы №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің стадионын қайта жаңғырту, ауылдық округтерде заманауи спорт кешендерін көбейту мәселелерін қозғады.
Аудан басшысы бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан орталығы мен елді мекендерде заманауи спорт кешендерін салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
– Бұған дейін аудандағы Қ. Пірімов, Ү.Түктібаев және жыл басында ғана Бекарыстан би ауылдарына жаңа спорт кешендері пайдалануға берілсе, бүгінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында 2 спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта да жоспарға сәйкес елді мекендерде тағы да жаңа спорт нысандарын салуды және аудан орталығындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, – деді аудан башсысы.
Облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа ауданға жасаған жұмыс сапары барысында спорт мектептері мен кешендерін аралап, нысандардың материалдық-техникалық жағдайымен танысты.
Қазалы ауданы әкімдігі






