Аудандағы аналар қауымы жылды қорытындылады

670

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Расында, әлемдегі бар жақсылық пен ізгілік, отбасының беріктігі, елдің бірлігі мен болашағы әйел-аналарға тікелей байланысты. Себебі, әйел-ана – тіршілік тұтқасы, отбасының берекесі, алтын діңгегі. «Бір қолымен әлемді, бір қолы­мен бесікті тербеткен» жан үшін алып таудың өзі аласа көрінеді.

Мұны неге айтып отырмыз. Себебі, бүгін Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Әйел – ана, әйел – батыр, әйел – жар» атты әйелдер кеңесінің қорытынды шарасы өтіп, ақжаулықты аналарға құрмет көрсетілді.

Кеш аналардың құрметіне Ж.Тұрсынов атындағы халық театрының көркем қойылымымен басталды. Мейірімді көзінің нұрын төгіп қараған сәттен-ақ маңғаз дүниенің бетіне қан жүгіртетін аналардың ерекше сәттерін бейнелеген қойылым көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Мерейлі сәттің басынан табылған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шарада алғы сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.

– Ананың жарқын жанары тасжүрек тіршілікті еркелете аймалағанда адамзат біткен еріксіз елжірейтіні анық. Өйткені, әйел-ана өмір дауылын жеңетін күшке ие. Бәлкім, бізді, қоршаған ортаны таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана осылай құшақтай алатын шығар. Отбасының берекесі, тілеуқор қолдаушысы, ұйытқысы болған әйел-аналарға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Сіздер ер азаматтармен бірге иық тіресіп, қоғамның бел ортасында еңбек етіп келесіздер. Өскелең ұрпақ пен елдің келешегіне алаңдайтын Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы ел ішінде еңбегімен құрметке бөленген ақ жаулықты аналарға аудан әкімінің «Құттықтауы» мен сый-сияпаттарын табыстады. Сол секілді бірқатар жандар «Еңбегімен елге сыйлы» номинациясымен, аудан әкімінің және облыстық әйелдер кеңесі төрайымының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Шарада «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күштері Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рахима Қаржаубайқызы сөз алып, өзінің ыстық ықыласын жеткізді. Сондай-ақ, отбасының құндылығы мен қоғамдағы рөлі туралы баяндап өтті.

Кеште аудан өнерпаздары аналардың құрметіне әуеле ән салып, ерекше көңіл-күйге бөледі. Жоғары деңгейде өткен шараға ризашылықтарын білдірген әйел-аналар алғыстарын жаудырды.

Айта кетейік, мерейлі жиынға аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық әйелдер мен аналар кеңесі және арнайы қонақтар қатысты.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<