Құрылтай

Ауыл халқының 62,1%-ы спорт инфрақұрылымымен қамтылған

6

0

Фото: Алтынай Сағындықова

Қазақстанда ауыл тұрғындарының 62,1%-ы спорт инфрақұрылымымен қамтылған. Елде жаңа стадиондар мен спорт кешендерін салу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп спорт инфрақұрылымын дамыту және халықтың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі уақытта елімізде 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Жалпы халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6%-ды құраса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 62,1%-ға жеткен.

– Бүгінде Қазақстанда 30 ірі стадион бар. Сонымен қатар тағы 15 стадионның құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында жаңа стадиондар салынып жатыр. Бұл нысандарды 2028–2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған, – деп мәлімдеді министрлік.

Спорт инфрақұрылымын дамыту аясында 2024 жылы 90 спорт нысаны пайдалануға берілсе, оның 61-і ауылдық жерде орналасқан. Ал 2025 жылы 147 спорт нысанының құрылысы аяқталып, оның 107-сі ауылдық елді мекендерде салынған. Биыл тағы 121 спорт нысанын іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап 2026–2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. Құжат аясында 86 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, оның 56-сы ауылдық жерлерде орналасады.

– Балалар және бұқаралық футболды дамыту да негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы республика бойынша 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық жерлерде салынды. Биыл бұл жұмыстар барлық өңірде жалғасып жатыр, – делінген министрлік ақпаратында.

Министрліктің мәліметінше, аталған жобалар халықтың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, бұқаралық және балалар спортын дамытуға мүмкіндік береді.