Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда ауыл жастарының шығармашылығын қолдау, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Ауыл Vibe, Retro Night» байқауы өз жалғасын тапты.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов қатысып, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады. Болатбек Ысмағұлов өз сөзінде мұндай жобалардың ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық өнерді насихаттауға және ауылдар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқаудың басты мақсаты – тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, ауылдардың мәдени әлеуетін таныту, ретро әндерді жаңғыртып, оларды заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы жаңа форматта көпшілікке ұсыну. Сонымен қатар, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі бастамаларын қолдап, мәдениет пен өнер саласында заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын айқындай түседі.
Байқау барысында Тұран және Жиделі ауылдық округтерінің өнерпаздары сахна төрінде өз өнерлерін паш етіп, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлері мен шығармашылық әлеуетін көрермен назарына ұсынды. Кеш аясында ретро әндерден құралған концерттік бағдарлама, заманауи музыкалық қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






