Ауылындағы үйі музейге айналмақ

744

0

Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын жоғары деңгейде ұйымдастыру керек
Сенат депутаты Абдалы Нұрәлиев көрнекті жазушы, қазақ әдебиетінің корифейі Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуын жоғары деңгейде атап өтуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы депутат Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Көрнекті тұлғаның мерейтойын лайықты атап өту үшін сенатор халық жазушысының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм түсіруді ұсынды.
Сонымен қатар, депутат халықаралық ғылыми-практикалық конференция, танымдық іс-шаралар өткізуді, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы көшелерге, сондай-ақ елордадағы жаңадан бой көтерген мектептердің біріне жазушының есімін беруді ұсынды.
«Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгер Шерхан Мұртаза Парламенттің төрінде елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдап сөйледі. Ел, жер, тіл мәселелерін өткір көтерді. Жазушы шығармашылығын кеңінен насихаттау жастардың рухани-адамгершілік дамуына оң әсер етіп, тұлға болып қалыптасуына зор септігін тигізеді», – деді А. Нұрәлиев.
Айта кетейік, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның Жуалы ауданы Талапты ауылында тұрған үйі музейге айналады. Бұдан бөлек өңірдегі төрт мектеп қабырғалы қаламгердің есімін еншілеген. Біртуар тұлғаның ескерткішін салу мәселесі де қаралып жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<