Ақылы бөлім студенттері де жатақханаға орналаса алады

282

0

Қазақстанда ақылы бөлімде оқитын жоғары оқу орны студенттеріне де жатақханадан орын берілетін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, еліміздің Білім және ғылым министрлігі ақылы бөлімде оқитын студенттерді де жатақханамен кепілді қамтамасыз ету үшін еліміздің «Білім туралы» Заңына  өзгертулер енгізген. Бүгінде бұл өзгерістерді Мәжіліс мақұлдап, қазіргі уақытта Сенаттың қарауында жатыр. «Заңнамадағы жаңа өзгерістерге сәйкес ақылы немесе тегін оқуына қарамастан жатақханадан орын алуға кепіл беріледі. Бүгінгі күнге дейін бұл норма мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын балаларға ғана қатысты болатын. Ендігі уақытта оқу формасына қарамастан жатақханадан орын алуға мемлекет кепілдік береді. Меніңше, бұл негізгі нормалардың бірі», – деді вице-министр. Осы орайда Бибігүл Асылова аталған заң жобасындағы өзгертулерді Парламент қабылдайтындығына сенім артатынын айтты. «Бүгінгі күні елімізде өңірлерден келіп білім алатын студенттердің саны 204 мың адамды құрайды. Оның 101 мыңы жатақхананы қажет етеді. Ал бүгінгі күні жатақханамен студенттердің шамамен 66 пайызы қамтамасыз етіліп келген болатын», – деді ол. Бұған дейін студенттерге жатақхана салу үшін жергілікті әкімдіктер 134 жер телімін бөлгенін хабарлаған болатынбыз.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<