АЙМАҚ ЖАҢА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫНЫҢ АШЫЛУЫ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНДА

190

0

Өңірлік коммуникация­лар қызметінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Елбасы  Жолдау­ынан туындайтын міндеттер мен 9 айдың қорытындысына арналған брифинг өткізді.
Аймақтағы  бизнесті қолдаудың ауқымды шараларына тоқталған палата директоры шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын бағалаудың үш негізгі көрсеткішін атады.
Бірінші көрсеткіш – жұмыс жасап тұрған субъектілер саны. Қазір облыста 41393 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,1%-ке артып отыр. Республикалық өсімнен 2,4 есе жоғары. Осылайша, біздің өңір – жыл басынан бері жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру бойынша респуб­ликада көшбасшы.
Екінші көрсеткіш – жұмыспен қам­тылғандар саны. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге қарағанда, бірінші жар­тыжылдықта шағын және орта кәсіп­керлік саласында 86842 адам жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ке немесе 1232 адамға артып отыр. Республикалық өсімнен 1,8 есе жоғары, еліміз бойынша 4-орын. Жыл соңына дейін кемінде 90 мың адамға жеткізу жоспарлануда.
Үшінші көрсеткіш – өнім шыға­ры­лымы. Облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 143257 млн теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 11,8%-ке немесе 15 млрд теңгеге артық.
Ғ.Жақсылықов «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларының,  «Бас­тау» жобасы, «Бизнес-кеңесші» оқу курсының нәтижелері туралы баяндады. Жаппай кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту үшін шешімін тапқан жер учаскелері  мәселелерін,  кәсіпкерлердің құқығын қорғаудағы, әкімшілік кедергілерді азайтудағы оң өзгерістерді атап өтті.
Брифингке «Далатекс» ЖШС басшысы Д.Абизов, кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының директоры Е.Аймаханов қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Гүлжазира Жалғасова,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<