Қазақ күресінен ел чемпионаты өтіп жатыр

234

0

Петропавлда 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер арасында қазақ күресінен ел чемпионаты басталды. Дүбірлі дода А.Винокуров атындағы спорт сарайында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ел чемпионатына қатысып, бағы мен бабын сынауға әр аймақтан 300-ге тарта балуан келді. Олар үш күн бойы боз кілемде өзара мықтыны анықтамақ. Ал, жүзден жүйрік шыққандар республикалық құрамаға қабылданып, әлем чемпионатына жолдама алады. Жарыстың алғашқы күні боз кілемге балуан қыздар шықты. Олар 7 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген кіл мықтылар жеңіс жолында аянып қалмады. 70 келі салмақ дәрежесінде күрескен шығысқазақстандық Талшын Жұматаева үшін жарыс сәтті өтті. Ол барлық қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жетті. «Көп дайындалдым. Және де өзімнің жаттықтырушыларыма көп рахмет айтамын. Сол кісілердің көп еңбегі сіңді маған. Көп үміт артты. Үш белдесу өткіздім. Екінші белдесуім қиын болды. Бұл жеңісті көп күттім шынында. Қуаныштымын өте», -дейді шығысқазақстандық балуан Талшын Жұматаева.  «Биылғы жарыста төрелік етуде біраз өзгешеліктер бар. Шыны керек ортада баяғыда 3 төреші болатын. Қапталдағы төреші және кілем жетекшісі бар. Қазір бізде ортада жалғыз төреші жүр. Және бізде команда жетекшілері секунданттарды шақырады.Өздеріңіз көріп отырғандай бұрынғыдай спорт костюмімен емес, тек қана костюм шалбармен ғана төрелік етуге шақырып жатырмыз»,- дейді жарыстың бас төрешісі Шалқар Жоламанов. Ел чемпионатының салтанатты ашылуы ертең, 14-қарашада сағат 12:00-де өтеді. Кейін боз кілемге ерлер шығады. Жалпы, жарыс 3 күнге жоспарланған. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<