Қазалының жол мәселесі шешімін тауып келеді

246

0

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев мәлімдеді.
Аудандағы күрделі де қиын мәселенің бірі – жол. Бүгінде аудан меншігіндегі автомобиль жолдарының 67 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
«Жыл басында осы мәселелерді шешу мақсатында автомобиль жолдарын жөндеуге 9,7 млрд. теңгеге жоба жасап, қаржыландыруға ұсынған болатынбыз. Нәтижесінде жалпы құны 2,9 млрд. теңге болатын 7 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 10 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеу, 68 шақырымы орташа жөндеу, 1,5 шақырым автомобиль жолының құрылысы.
Жалпы, Өркендеу ауылына кіреберіс жол өткен жылы басталған. Бүгінде жұмысы жалғасуда. Сонымен бірге, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 31 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға 576 млн. теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, көлік, сауда-логистикалық орталығын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қаржы қаралып, жалпы ұзындығы 1 шақырым құрайтын автомобиль жолы салынды. Амандық болса, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 75 пайызға жетеді деп жоспарлап отырмыз», – деді М.Ергешбаев.
Жол жөндеу жұмыстарымен қатар, көпір құрылысын салуда да көп уақыттан бері шешімін таппаған жобалар іске асуда. Мәселен, өткен жылы «Әлсейіт» өткеліндегі темірбетон көпірінің құрылысы басталды. Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарының аралығындағы «Аяған» көпіріне қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында басталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<