Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан белгілі қаржыгер-экономист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қамбарбек Мүбараковті еске алуға арналған мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық футзал турнирі мәресіне жетті.
Бұқаралық спортты дамытуға, мемлекеттік мекемелер арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға бағытталған додаға аймақтағы түрлі құрылымдардан жасақталған 27 команда қатысты. «Евразия» және «Шұғыла» спорт кешендерінде өткен кездесулер алғашқы минуттан-ақ жоғары қарқынмен өрбіп, қатысушылар жеңіс жолында барын салды. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Руслан Рүстемов, Қ.Мүбараковтің отбасы мүшелері, жақындары қатысты.
Шарада аймақ басшысы Қамбарбек Амангелдіұлының қажырлы еңбегі мен адал қызметіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Осы жарыстың ашылуына орай ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Сөз кезегінде ардақты азаматтың досы, әріптесі Руслан Рүстемұлы және ағасы Бақытжан Амангелдіұлы жылы естеліктерімен бөлісті.
Қамбарбек Амангелдіұлы саналы ғұмырын ел игілігі жолындағы қызметке арнады. Ол әр жылдары Шиелі ауданының әкімі, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, экономика және қаржы басқармаларының басшысы сынды жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Қай қызметте жүрсе де мемлекет мүддесін биік қойып, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың жүзеге асуына елеулі үлес қосты. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өңір өркеніне серпін берген бірқатар тың жобалардың қолға алынуына ұйытқы болып, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті.
Турнирдің шешуші кезеңінде жинақы әрі нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен Жаңақорған ауданы әкімдігі аппаратының командасы бас жүлдені иеленді. Экономика және қаржы басқармасының құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізсе, Төтенше жағдайлар департаментінің командасы үшінші орыннан көрінді. Жарыс барысында шеберлігімен ерекшеленген ойыншылар да арнайы аталымдармен марапатталды. Экономика және қаржы басқармасының өкілі Диас Алпысбай үздік қақпашы деп танылса, Төтенше жағдайлар департаментінің ойыншысы Әсет Есенбаев үздік қорғаушы атанды. Үздік шабуылшы жүлдесі Жаңақорған ауданы әкімдігі аппаратының ойыншысы Бексұлтан Айтмағамбетовке табысталды. Ал Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Мейірімжан Имаш турнирдің ең үздік ойыншысы ретінде марапатталды.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





