Қазақстан әлем бойынша алғаш рет бір адамның жүрегін екі рет ауыстырды

271

0

Қазақстан әлем бойынша алғаш рет бір адамның жүрегін екі рет ауыстырдыБылтыр 60 жастағы Құнанбай Абыраевқа алдымен толығымен жасанды жүрек салынды. Араға тоғыз ай салып, донор табылды. Пациенттің өзі де донорлық жүрекке дайын болып шықты. Осылайша, Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығының мамандары әлем бойынша алғаш рет бір адамға алдымен жасанды жүректі салды, артынан оны донорлық жүрекпен ауыстырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
«Тоғыз ай бұрын ол донорлық жүрекке дайын болмады. Себебі бауыр, өкпе және тағы басқа органдарының функциясы нашарлап кетті. Ал жасанды жүректі салғаннан кейін жағдайы жақсарды, өкпе артериясындағы қан қысымы да қалпына келді. Осындайда донорлық жүректі салуға болады. Сөйтіп, үш айдан кейін пациенттің жағдайы жақсарғаннан кейін біз донорлық жүректі іздеуге кірістік», – деді орталық басшысы Юрий Пя.

Оның айтуынша, жасанды жүректі донорлық жүрекпен алмастыру операциясы 12 сағатқа созылды. Әлем бойынша алғаш рет жасалған отаны шетелден 30 жуық дәрігер көруге келді. Қазіргі кезде Құнанбай Абыраевтың жағдайы жақсы. Өз күшімен жүріп, тұрады. Теледидар көріп жатады. Ал донорлық жүректі бір жас жігіттің туған-туыстары беруге келісті. Ол қайтыс болғаннан кейін оның бір емес, бірнеше ағзасын науқас адамдарға таратып берді. «Біз ол жігіттің ата-анасына мың алғыс айтамыз. Олар жүректі ғана емес, бүйректі де, бауырды да беруге келісті. Осылайша, бір адам, кем дегенде, төрт адамның өмірін сақтап қалды», – деп атап көрсетті орталық басшысының орынбасары Маxаббат Бекбосынова.

Айта кетейік, өткен жылы қараша айында Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығы 60 жастағы ер адамға жасанды жүрек имплантанциясын жасаған болатын. Жасанды жүрек – «Carmat SA» атты француз компаниясының өнімі. Оның қазіргі бағасы – 1 млн еуро. Мемлекет те, орталық та оған ақша жұмсаған жоқ. Француз компаниясы өз аппаратын сынақтан өткізіп жатыр. Сол себепті бәрін тегін берді. Сол жолы орталық басшылығы жасанды жүрек иесі – Құнанбай Абыраевпен кездесуге рұқсат берді. Ағамыз қуанышын жасыра алмай, көз жасына да ерік берді. «Мен қатты ауырдым. Мына жаққа келгенде жүре алмадым, арбаға отырғызып әкелді.  Қазір бәрі дұрыс… Өзімді жақсы сезінемін. Юрий Пя менің екінші әкем сияқты. Орталық басшылығына мың алғыс… 60 жастан кейін өзімді осылай сезінемін деп ойлаған жоқпын», – деді Құнанбай аға. Осы кезде жасанды жүрек шиқылдай бастады. Дәрігерлер оған көп қобалжуға болмайтынын айтып, пациентті палатасына алып кетті. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<