Бас көлік прокуратурасы елге әкелінген апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі жоқ көліктерге қауіпсіздік туралы куәліктер беруден бас тартудың заңдылығына талдау жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Талдау сынақ зертханаларының нәтижесі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығы хатына сілтеме жасай отырып, мұндай көлік құралдарына қауіпсіздік туралы куәліктер беруден бас тартқанын көрсетті. Бұл әрекеттер 244 жеке және заңды тұлғаның көлік құралдарын кедендік ресімдеуіне кедергі келтірген», – делінген Бас көлік прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінде. Сонымен қатар, Орталықтың нұсқауы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген куәліктердің күшін жою жоспарланған. Бұл тағы 17 209 автокөлік иелерінің құқықтарын жаппай шектеуге әкеп соғуы мүмкін еді. «Орталық қауіпсіздік туралы куәліктер беруді тоқтата тұру туралы шешім қабылдай отырып, өз өкілеттіктері шеңберінен шыққаны анықталды. Себебі «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңда мұндай өкілеттіктер айқындалмаған, осылайша азаматтардың өз мүлкін еркін пайдалануда конституциялық құқықтарын шектеген», – деп атап өтілген прокуратура хабарламасында. Расында, «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының Техникалық регламенті 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағына айналымға апат кезінде шұғыл жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жабдықталған көлік құралдарын шығаруды бұйырады. Дегенмен де ел аумағына мұндай құрылғысыз автомобильдерді әкелуге тыйым салынбайды, себебі олар сертификатталған дилерлік орталықтарда орнатылуы мүмкін. «Бас көлік прокуратурасының жазбаша нұсқауы бойынша Ұлттық аккредиттеу орталығы заңсыз хатты кері қайтарып алды. Сынақ зертханалары куәліктер беруін қайта бастады», – деп нақтылады баспасөз қызметі.
Руслан Ғаббасов
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<