Қазақстанда 10 мың отбасы жәрдемақының жаңа түрін ала бастады

243

0

1 шілдеден бастап республика бойынша кәмелет жасына толған I-топтағы мүгедек балалардың күтімі үшін жәрдемақаның жаңа түрі енгізілді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, қазіргі кезде 10 мың отбасыға жаңа жәрдемақы төлене бастады. «24 шілдеде төлемдер жасалды. Сөйтіп, 10 мың отбасы өз ақшасын алды. Жалпы, Қазақстанда ондай 14 мың отбасы бар. Бүгінде алғашқы төлемге ілінбей қалған 4 мың отбасы өз құжаттарын жинап жатыр. Біреулер балаға қамқоршылық құқығын рәсімдеп үлгермеді. Осы сияқты мәселелер бар. 18 жастан асқан бала I-топтағы мүгедек болса, оның заңды қамқоршысы болуы шарт. Қазір адамдар сот арқылы осы мәселені реттеуге кірісті. Келесі айдан бастап олар да жәрдемақының жаңа түрін ала бастайды», – деді С.Жақыпова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында. Оның айтуынша, отбасында анасы мүгедек баласымен бірге үйде отырып, оған күтім жасайтын болса, жәрдемақы алады. Ал жұмыс істеймін десе, басқа бағдарламалар арқылы көмекші тартса да болады. Оған да ақша төленеді.  Айта кетейік, кәмелет жасына толған I-топтағы мүгедек балалардың күтімі үшін жәрдемақаның жаңа түрін енгізу міндеті Президенттің Жолдауында көрсетілген. Оған сәйкес, аталған жәрдемақының көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен (28 850 теңге – авт.) аспайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<