Қазақстанда 6 мыңға тарта әскери қызметшіге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдетілген займ беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жылы біз әскери қызметшілерге арналған аса маңызды жобаны бастадық. Ол Отан қорғаушыларға баспана алуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта банк 98 млрд теңге бөліп отыр. Оның 74 млрд теңгесі әскери қызметшілерге несие беруге жұмсалады. Қалған 24 млрд теңгені кейбір займдарды қайта қаржыландыруға бағыттаймыз. Несие беру ашық әрі әділетті жүру үшін арнайы ұпай жүйесін енгіздік. Негізгі көрсеткіш – үміткерлердің әскери қызмет атқарған мерзімі. Бір ай ішінде – 2 шілде мен 1 тамыз аралығында банк әскери қызметшілерден өтініш қабылдады. Банк үміткерлерге займның үш түрін ұсынады. Бір айдың ішінде 13 мыңдай өтініш келіп түсті. Қазір 4400 өтініш іріктеп алынды. Мыңнан астамы қарастырылып жатыр. Өтініш саны бойынша Астана мен Алматы, Өскемен қалалары көш бастап тұр», – деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Басқарма төрайымы атап өткендей, мәселен үй құнының 5 пайызына тең бастапқы жарнасы бар әскери қызметші жылдық мөлшері 7 пайыз болатын несиеге үміткер бола алады. Бұл жағдайда клиент таңдаған баспана – жаңа үйлер нарығынан құрылыс жүргізіп жатқан құрылыс жүргізушіге тиесілі болуы керек. Екіншіден, 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнасы бар әскери қызметші үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 пайызға төмендейді. Мұнда да үйді құрылыс салушының өзінен сатып алу керек.
Ал қайталама нарықтан өзім таңдап аламын деген әскери қызметшіге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитке 20 пайызға тең бастапқы жарна жинау керек. Осылайша, ол жылдық мөлшерлемесі 8 пайыз болатын несиеге өтініш бере алады.
Қазіргі уақытта аталмыш займға үміткерлер тізіміне Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан, Әскери прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік қорғау қызметтерінің қызметкерлері енеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<