Қазақстанда астық жинау қазанның соңына дейін созылуы мүмкін

329

0

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанда астық жинау науқаны қазан айының соңына дейін жалғасуы мүмкін. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Атап өтілгендей, соңғы күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарында орақ науқаны тоқтап қалды. Алдағы аптада күн ашық болса, диқандар іске кірісуге дайын.
ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленовтің айтуынша, биыл 15 млн гектар аумақтан астық жинау көзделген. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында бидай алқабы қысқартылған. Есесіне, арпа, сұлы және майлы дақылдардың көлемі ұлғайтылып отыр. Ал күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Бүгінде әр облыс белгілі бір мұнай зауытына бекітіліп, кесте бойынша қажетті отынмен қамтамасыз етіледі.
«Биылғы болжанып отырған астық көлемі 20 млн тоннадан астам. Оның экспортқа болжанып отырған көлемі – 9 млн тонна. Оның 6 млн тоннасы – бидай, қалғаны ұн түрінде жөнелтіледі. Негізгі елдер бұрынғы нарық – Орталық Азия, Ауғанстан, Иран, Қытай, Италия және өзге тағы бірқатар мемлекеттер», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<