Қазақстанда допинг қолданудың жауапкершілігі күшейтіледі

318

0

Қазақстанда допинг қолданудың жауапкершілігі күшейтіледі Қазіргі уақытта Үкімет қарауына жолданған заңға сәйкес, елде допингті қолданған спортшылардың жауапкершілігі мен жазасы күшейтіледі. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасы допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерді күшейтуге, Ұлттық допингке қарсы орталықтың мәртебесін күшейту, Сурдлимпиада комитетінің мәртебесін арттыруға бағытталған», – деді министр.

Ведомство басшысы атап өткендей, Қазақстанда спорт саласындағы демеушілік көмек бойынша Бірыңғай оператор құрылады.

«Бұдан басқа, заң жобасындағы маңызды жаңалық Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын дене шынықтыру және спорт саласындағы демеушілік көмекті көрсету бойынша саясатты іске асыратын Бірыңғай оператор құру болып табылады. Айта кету керек, Бірыңғай оператор қаржыландырудың негізгі көзі ретінде дене шынықтыру мен спортты дамытуға бюджеттен тыс ақшалай қаражатты бөлумен айналысады. Сонымен қатар, министрлік тарапынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасының негізгі бағыттарының бірі – спортты дамытуды қосымша бюджеттен тыс қаржыландыру үшін ойын бизнесі саласындағы міндетті төлемдер болып табылады», – деп түйіндеді министр.

Министрлік ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта аталған заң жобасы тиісті органдармен келесіліп, 2018 жылғы 19 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметіне қарау үшін жолданған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<