БЕЙНЕТТІҢ ТЕРІ АЩЫ, ЖЕМІСІ ТӘТТІ

389

0

БЕЙНЕТТІҢ ТЕРІ АЩЫ, ЖЕМІСІ ТӘТТІ “Өзен жағалағанның өзегі талмас” деп бекер айтылмаса керек. Осыны ескерген Сырдария өзенінің іргесіндегі Абай ауылының тұрғындары биыл 20 гектар жерге қауын-қарбыз екті. Қара жұмыстан қажымай, несібесін жерден айырып отырған шаруалардың көкөніс өнімдері жақын арада түгел піседі.
Сарыкөлдіктер егін егу мехнаты көп жұмыс болса да жыл сайын бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Қазірдің өзінде осы Абай ауылының әрбір тұрғынының шарбағында азын-аулақ бақшасы бар. Олардың бәрі де өзін-өзі көкөніспен қамтамасыз етіп отырғандар. Өздері жегенін жеп, артылғанын базарға шығарып сатады.
Еңбек ардагері Өмірбек Бердібаев бастаған 15-20 ауыл тұрғыны өздеріне тиесілі жерге қауын-қарбыз, асқабақ егіп, жақын күндері жемісін жейміз деп отыр. Күннің ыстығына қарамай бастарына ақ орамал байлап алған жұмысшылар уақытылы бақша дақылы арасындағы арамшөпті отап, су ағатын арық көздерін аршыған. Сондықтан да жүздерін күн қаққан дихандардың қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, асқабақ, тағы басқа да бақша дақылдары гүлдеп, жайқалып тұр. Қияр мен қызанақ түйнек салып, қауын-қарбыздар жемісі де домаланып, жапырақтар астында қараңдайды.
Табиғат ананың төсінде маңдайынан тері сорғалап, бау-бақша баптап, несібесін жерден теріп, еңбек етіп жүрген жандар “Бейнеттің тері ащы, жемісі тәтті” екенін жақсы біледі.
Ж.Айымқұлов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<