Қызылорда облысының білім саласы тағы да көш басынан көрінді. 2026 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектеріміздің орташа балы 74,90 болып, өңіріміз республикада үшінші жыл қатарынан І орыннан көрінді.
Оқушыларымыздың одан да бөлек жетістігі бір төбе. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 2026 жылғы 30 сәуір мен 20 мамыр аралығында өткен білім алушылар жетістігінің мониторингтік зерттеуіне аймақ бойынша 88 жалпы орта білім беру ұйымынан 5546 оқушы қатысты. Қорытындысында республика бойынша 4-сынып оқушылары ІІІ, 9-сынып оқушылары ІІ орынды иеленді.
«Білім сапасын бағалау нәтижесі – өңіріміздің білім беру саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың, педагогтеріміздің кәсіби еңбегінің және оқушылардың үздіксіз ізденісінің нақты көрінісі. Кейінгі жылдары аймақтың білім саласына Мемлекет басшысының, Үкіметтің және қазіргі ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының облыс әкімі кезіндегі ерекше қолдауының арқасында мектептерде білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл – сондай-ақ педагогтердің кәсіби шеберлігінің, оқушылардың табанды ізденісі мен ата-аналар қолдауының ортақ жемісі. Алдағы уақытта да әрбір баланың сапалы білім алып, өз қабілетін толық ашуына жағдай жасау – облыстық білім басқармасының басты міндеті болып қала береді. Осындай жоғары нәтижеге үлес қосқан педагогтерге, білім беру ұйымдарының басшыларына, оқушыларға, ата-аналарға шынайы алғысымызды білдіреміз» делінген хабарламада.
«СБ» ақпарат





