«Біз есірткіге қарсымыз!»: Қызылорда облысында жаппай марафон өтті

8

0

Фото: Полиция департаменті

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытты тиімді пайдалану және рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Біз есірткіге қарсымыз!» ұранымен кең ауқымды спорттық іс-шара – марафон ұйымдастырылды.

Аталған марафон облыстың барлық аудан, қалаларында бір мезетте өткізіліп, оған 1000-нан астам оқушы мен студент қатысты. Қатысушылар өз өңірлерінде белсенділік танытып, спортқа деген қызығушылықтары мен өмірге деген оң көзқарастарын көрсетті. Іс-шара жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеп, денсаулықты нығайту мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айқындай түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша аймақтық жеңімпаздар анықталды: Сайнова Жанерке – Арал ауданы №14 мектеп-лицей, Исаев Рауан – Қармақшы ауданы №121 орта мектеп, Бақытжанұлы Рамазан – Жалағаш ауданы №123 орта мектеп, Сұлтанбек Н. – Сырдария ауданы №126 орта мектеп, Бақытжанқызы С. – Сырдария ауданы №126 орта мектеп, Нұрсұлтан Айсұлтан – Сырдария ауданы №36 мектеп-лицей, Амангелдиев Заңғар – Шиелі ауданы Оқушылар үйі, Базарбай Заңғар – Шиелі ауданы №207 орта мектеп, Орал Мұқағали – Жаңақорған ауданы №193 орта мектеп, Ғалымжанұлы Қажымұхан – Жаңақорған ауданы №194 орта мектеп, Сарыбай Дарын – Жаңақорған ауданы №54 орта мектеп, Көпбергенов Ақниет – М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжі.

Марафон барысында қатысушылар есірткіге қарсы мазмұндағы баннерлер көтеріп, салауатты өмір салтын қолдайтындарын көрсетті. Іс-шара соңында барлық марафоншылар бір алаңға жиналып, естелік суретке түсті.

Осындай ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты нығайтуға бағытталады.