Дайындық сабақтары өтуде

664

0

Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде жазғы оқу кезеңінің жауынгерлік әзірлік жоспарына сәйкес барлық санаттағы әскери қызметшілермен мамандықтары бойынша даярлық сабақтары жалғасын табуда.

Дәрістердің жоғары дәрежеде өтуі үшін оқу орындары қажетті оқу-материалдық базамен қамтамасыз етілді. Әскери бөлімде оқу топтары құрылып, тәжірибесі жоғары аға-нұсқаушылар жұмылдырылды. Аталған дайындық сабақтары ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін жалғасады.

Дайындық сабақтарының басты мақсаты – әскери қызметшілердің өз мамандықтары бойынша білім деңгейлерін, функционалдық міндеттерін арттыру және штаттық қару-жарақпен атуға, штаттық байланыс құралдарымен сапалы жұмыс істеуге машықтандыру.

– Әскери бөлімде тәжірибелі, өз жұмысын толық білетін әскери мамандарымыз жетерлік. Мамандық бойынша сабақтар жоспарға сай әрі сапалы өткізілуде. Әскери қызметшілерге қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін жоғары дәрежеде игеру, жаттығулар кезінде оларды шеберлікпен пайдалану басты назарда екендігі теория сабақтары кезінде түсіндірілуде, – дейді әскери бөлімнің жауынгерлік және арнайы дайындық жөніндегі аға офицері майор Біржан Омаров.

Атап айтсақ, дайындық кезінде оқу-жаттығу алаңдарында өткізілетін тәжірибелік сабақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Дайындық сабақтарының соңғы бөлігінде мамандық бойынша алған білімдерін анықтау мақсатында жеке құраммен оқу пәндері бойынша бақылау сабақтары мен сынақтар өткізілетін болады.

Мұхит Қонаров,

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,

лейтенант.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<