«Қызылорда Ашық универсиеті» ашылады

1416

0

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде «Болашақ» университеті мен Қызылорда технология және қызмет институтының бірігуі туралы баспасөз мәслихаты өтті. Оған ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бақберген Досманбетов, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Қылышбай Бисенов және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова қатысып, орын алған жағдайға қатысты түсінік берді.

Алдымен сөз кезегін «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Б.Досманбетов алды.

– Қызылордадағы «Болашақ» университетінің білім беру лицензиясының тоқтатылуына байланысты кейінгі екі аптадан бері әлеуметтік желі мен халық арасында әртүрлі әңгімелер айтылып жатыр. Тіпті менің суретімді салып, «университет лицензиясын қайтарып алды» деген ақпарат та тарады. Бұл – жалған. Өткен жылдың соңында «Болашақ» университетінің лицензиясы  тоқтатылды. Біріншіден, ол жұмыста жіберілген кемшіліктерге байланысты болса, екіншіден, жекеменшіктегі оқу орындарын біріктіру мақсатында жүзеге асырылды. Нақты кезеңде еліміздегі мемлекеттік емес жоғарғы оқу орындарын ықшамдау, ірілендіру саясаты жүргізіліп жатқанын білесіздер. Алматы, Шымкент және басқа қалаларда осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жағдайдан оқытушы да, студент те зардап шекпейді. Өйткені, біз Қылышбай Алдабергенұлы екеуміз құрылтайшы ретінде келісіп, «Қызылорда Ашық Университетін» ашып жатырмыз. Мұнан былай да «Болашақ» университенің студенттері өз корпусында, ал Қызылорда технология және қызмет институтының білім алушылары өз ғимаратында оқуды жалғастыра береді, – деді Б.Досманбетов.

  Ал Қызылорда технология және қызмет институтының құрлытайшысы Қылышбай Бисенов елімізде жеке жоғарғы білім ордаларын шоғырландыру, ірілендіру саясаты жүргізіліп жатқанын, бірігудің уақыт талабы екендігін айтып, Ашық университет құру әлемдік тәжірибеде бар екенін айтты. 

 – Ұстаз, ғалым ретінде біздің мақсатымыз – әрбір білім алушының мүддесіне, солардың болашағына қызмет жасау. Өздеріңіз білесіздер білім – әрбір ұлттың сапасын анықтайтын көрсеткіш. Мемлекет басшысы қазір елдегі білім сапасына ерекше назар аударып отыр. Жеке оқу орындарын ірілендіру әлемдік тәжірибеде бар, – деді Қ.Бисенов.   

Осы орайда студенттердің заңды мүдделерінің сақталып, оларға оқуын жалғастыруға мүмкіндік жасалып жатқанын да айта кеткен орынды.

– Нақты кезеңде Қорқыт ата атындағы университетке ауысуға өтініштер көптеп түсуде. Оқу орнында ауысу процесі жүргізіліп жатыр. Қазір 5 білім беру бағдарламасы бойынша 120 магистранттан өтініш келіп түсті. Одан бөлек, 32 білім беру бағдарламасы негізінде 1200 студент ауысуға өтініш білдірді. Өтініш берушілердің арасында 1-4 курс студенттері бар. Дегенмен, басым көпшілігі 4-курс студенттері. Бұл өтініштер білім ордасының нақты шешімі шыққанға дейін келіп түскен. Біз студенттерді қабылдауға әзірміз. Ауысып келген білім алушылар үшін жаңа оқу топтары ашылып, барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етіледі, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректор Б.Кәрімова. 

Айта кетейік, биылғы оқу жылында бітірушілер үшін оқу ақысы бұрынғы «Болашақ» университетіндегі  бағамен қалады. Ал жаңа оқу жылынан бастап студенттер Қорқыт ата атындағы университеттің бекітілген оқу ақысы бойынша төлем жасайтын болады. Студенттердің оқу орнын ауыстыру процесі қысқы демалыс кезінде жүзеге асырылады.

Сонымен, «Болашақ» университеті мен Қызылорда технология және қызмет институты қосылып, «Қызылорда Ашық университеті» КеАҚ (НАО) атауындағы оқу орны құрылды. Өңірде орын алған жағдайға қатысты жаңа оқу орнына лицензия тез арада берілетінін айта кетейік. Ендеше, алаңдауға ешқандай негіз жоқ.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<