Ботаникалық бақ: Экологиялық мәдениет, білім және туризм

5

0

Суреттерді түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ

Халықаралық балаларды қорғау күнінде ерекше сипаттағы келісті кешен ашылды. Бұл – Мемлекет басшысының қолдауымен салынған Ботаникалық бақ. Президент саябағында орналасқан кешеннің ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Мереке күні жеткіншектерге тарту етілген Ботаникалық бақ құрылысын «Alem Qurylys AQ» ЖШС жүргізді. Нысанның іргетасы былтыр қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қаланған болатын. Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген.

Салтанатты сәтте облыс басшысы Мұрат Нәлқожаұлы бала­ларды құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

– Баршаңызды 1 маусым – Халық­аралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бала – біздің басты байлығымыз. Білімді, дені сау, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азамат­тары­мыздың құқығын қорғап, денсау­лығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын.

Бүгін Президент саябағының аумағынан ашылған Ботаникалық бақ – осы ауқымды бастаманың аймағымыздағы нақты әрі жемісті көрінісі. Бақ ішіне Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желек егілді. Осы арқылы жас жеткіншектерге өсімдіктердің экожүйедегі маңызы түсіндіріледі. Бұл жай ғана балалар серуендейтін саябақ емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәде­ниетті қалып­тастыратын көпфунк­ционалды кешен болмақ. Бала­ларымыз осы жерде табиғатпен тілдесіп, эко-жауапкершіліктің, еңбек­қорлықтың шынайы үлгісін көреді. Осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің эколо­гиясын зерттейтін болашақ ға­лымдар, биологтар мен агро­номдар шығады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Ботаникалық бақ: Экологиялық мәдениет, білім және туризм

Рәсімде Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов құт­тықтау сөз сөйледі. Білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ботаникалық бақ – эко­логиялық танымды, туризмді дамытуға және жаңа қоғам­дық кеңістіктер құруға ба­ғыт­­­талған заманауи көп­функ­цио­­налды кешен. Жал­­пы ауданы 1500 шаршы метр болатын екі жылыжайға Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Жапония, Қытай және Мада­гаскар сияқты әлем­нің әр айма­ғынан 92 түрлі 3300-ден ас­там өсімдік егілген. Веерлі пальма, Канар құр­масы, кактус пен алоэ, вашинг­тония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсім­діктер, кариота жайқалып тұр. Бұл өсім­діктер гүлдегенде хош иісі аңқып, қыз­ғылт сары, көгілдір, күлгін сияқты алуан түске боялады.

Өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты авто­матты басқару, суару және су дайын­даудың заманауи инженерлік жүйе­лерімен жабдықталған.

Ботаникалық бақ өсімдіктердің бірегей түрлері өсетін орын ғана емес, экологиялық мәдениеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, аймақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын мекенге айналады. Мұнда сту­денттер, мектеп оқушы­ларының, табиғат жанашыр­ларының танымын кеңей­туге барлық жағдай жасал­ған. Ботаникалық бақ­тың ерекше атмосферасы келушілерге жай­лылық сыйлайды.

Айта кетейік, Мемлекет бас­шы­­сының қолдауымен Сыр өңі­рінде кейінгі төрт жылда 46 за­манауи білім беру нысаны та­быс­талды. «Келешек мектеп­тері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, му­зы­калық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пай­далануға бе­рілді. «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» ака­де­миясы, Жалағаш, Жаңақор­ған, Шиелі аудандарындағы «Оқу­шылар үйі» мен «Өнер мек­тептері» жас жеткіншектердің шығар­машылық, зият­керлік әлеуетін арт­тыруға қызмет етуде. Жақында ғана жыл бойы үздіксіз қыз­мет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауық­тыру орта­лығы балалар игілігіне айналды.

«СБ» ақпарат.