Құрылтай

«Челси» Сатпаевтың алғашқы жаттығуынан фото жариялады

14

0

Фото: Іnstagram.com/chelseafc

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев Лондонның «Челси» клубындағы алғашқы жаттығуына қатысып, жаңа бас бапкер Хаби Алонсоның жетекшілігімен дайындықты бастады. Клуб баспасөз қызметі жаттығудан алғашқы фотосуреттерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Хаби Алонсо Англия Премьер-лигасындағы маусым аяқталғаннан кейін «Челсидің» бас бапкері болып тағайындалған еді. Жаңа маусым алдындағы алғашқы ресми жаттығуда ол команда ойыншыларымен танысты.

Бірнеше күн бұрын Лондонға барған Дастан Сәтпаев та жаңа бапкермен алғаш рет жаттығу алаңында жүздесті. Клубтың мәліметінше, футболшылар медициналық тексерістен өткен соң ауа райының аптап ыстығына қарамастан Кобхэмдегі жаттығу базасында алғашқы оқу-жаттығуын өткізген.

Дастан Сәтпаевтың «Челсиге» ауысқаны өткен жылы белгілі болғанымен, ол осы уақытқа дейін алматылық «Қайрат» сапында өнер көрсетті. Қазақстандық вингер 2 тамызда кәмелет жасына толғаннан кейін ғана Англияда ресми түрде еңбек ете алады.

Қазіргі таңда оның шілде айының соңында Аустралияда өтетін маусым алдындағы турне матчтарына қатысатыны әзірге нақты белгісіз. «Челси» бұл сапардағы алғашқы ойынын 28 шілдеде «Вестерн Сиднейге» қарсы өткізеді.

Ал Англия Премьер-лигасындағы жаңа маусымдағы алғашқы кездесу 24-інен 25 тамызға қараған түні «Фулхэмге» қарсы өтеді.

Айта кетейік, Лондонға аттанар алдында Дастан Сәтпаев басты мақсатының «Челсиде» тұрақтап қалу екенін айтқан еді.