Шымкентте көлігінде дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш, апаттық тоқтау белгісі және жарық қайтаратын жилеті жоқ жүргізушілер жаппай айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі OTYRAR порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Рейдтік іс-шараның алғашқы екі күнінде 3625 құқықбұзушылық анықталды. Әрбір жүргізушінің көлігінде болу керек бұл жинаққа сұраныс күрт артқандықтан, оның бағасы да өскен.
«Менде тек жарық шағылыстыратын жилет болмады. Оның қаншалықты қажет екенін әлеуметтік желіден білдім. 1000 теңгеге сатып алдым. Қазір білуімше, оның бағасы 2,5-3 мың теңге аралығында», – дейді Шымкент тұрғыны Нұртаза Тойшиев.
Бұл рейдтер дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш, апаттық белгілер мен жилеттерді сатумен айналысатын кәсіпкерлердің саудасын жүргізді. Бұл күндері олардың табысы әдеттегі күндермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды.
«Бағаның өсуіне себеп – қалада жүргізіліп жатқан рейдтер. Баға да қымбаттап кетті. Мысалы, бұрын 1000 теңгеге алған тауар қазір 1800 теңгеден келіп жатыр. Біз 200 теңге үстеме қосып, шамамен 2000 теңгеге сатамыз. Сатып алушылар өте көп, бір айға жетеді деген тауар бір күнде сатылып кетті», — дейді сатушы Дияр Еркінұлы.






