Дәстүрлі спартакиада басталды

8

0

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің спорт алаңында денсаулық сақтау саласының ардагері Ернияз Омаровтың 95 жылдығына арналған медицина қызметкерлерінің 58-облыстық спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орын­басары Данияр Жаналинов сөз сөйлеп, медицина қыз­мет­керлерінің қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті.

‒ Денсаулық сақтау саласының мамандары – елдің ең басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшылары. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Бұл спартакиада – тек жарыс емес, әріптестік байланысты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызды алаң. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Қызылорда облысының құрметті азаматы, сала ардагері Тұрғанбай Маханов Е.Омаровтың өнегелі өмір жолына тоқталды. Биылғы додаға облыс көлеміндегі медициналық мекемелерден 19 команда қатысып, алғашқы бәсеке эстафеталық сайыспен басталды.

Жарысқа Шиелі аудандық көпбейінді ауру­ха­насының ұжымы да қатысуда. Мекемеден 15 қызметкер сынға түсіп жатыр. Олардың қатарында мейірбике Гүлжайна Есқұлова да бар.

‒ Бұл додаға үшінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Бұған дейін де жүлделі орындарға іліккенбіз. Биыл да сол нәтижені қайталауға тырысамыз, – деді ол.

Айта кетейік, спартакиада медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік байланысты нығайтуға бағытталған. Дода 29 мамырға дейін жалғасып, қорытындысында үздік командалар марапатталады.

Ернияз Омарұлы – Сыр өңірінің медицина сала­сының дам­уына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Саланы бас­қарған жылдары ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше мән берді. Соның нәтижесінде барлық аудан орталығында, қалалық біріккен ауруханалар мен перзентханаларда реанимациялық-анестезиологиялық бөлімшелер ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қызылордада кеңес беру-диагностика орталығы мен көп­салалы облыстық медицина орталығының салын­уына тікелей атсалысты.

Ернияз Омарұлының өзі балалардың туабітті жамбас буынының шығуына қатысты 56 ғылыми еңбек жазды. Елу жылдық еңбек жолында 10 мыңнан астам ота жасаған. Жүрекке, сүйек туберкулезіне жасалған күрделі операциялар мен сүйек сынықтарын аппарат арқылы біріктіру тәсілін облыста алғаш енгізді. Әсіресе, науқас балаларды емдеудегі шеберлігі оны Одақ көлеміндегі танымал мамандар қатарына қосты

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»