Демалыс күндері заңға сәйкес орындалады

242

0

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовті қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ми­нистр­ліктің атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін жүзеге асыру, көпбалалы отбасыларға табыс көлеміне қарамастан жәрдемақы беру, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарып жатқан кешенді шаралары жайында баяндалды.
Президентке «Еңбек» бағдар­ламасының іске асырылу барысы, оның ішінде, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға шағын кредит беру тәртібі, жұмыс беру­шілердің ұсынысы бойынша бө­лінетін білім гранттары, жас­тар­дың жаңа жобалары туралы мә­лімет берілді. Сондай-ақ, шет ел­ден жұмыс күшін тарту мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бір­лесіп жүргізілген тексерулердің қорытындысы жайында айтылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Президентке мем­­лекеттік қызметшілердің мере­келерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа шығуы Қазақстан заңнамасына қайшы емес екенін және өзгертулер енгізуді талап етпейтінін жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы Еңбек кодексін толық сақтай отырып, кезек күттірмейтін және маңызды міндеттерді атқару үшін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес орындалады. Еңбек кодексі бойынша мемлекеттік қызметшілер жұмысқа өзінің жазбаша келі­сімімен шығады және олардың бір күндік жұмысының еңбекақысы кемінде 1,5 есе көлемінде төле­неді. Мерекелерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа Пре­зидент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдар мен басқа да ведомстволардың кезек күттірмейтін және маңызды міндеттерге жауапты қызметкерлері тартылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовке атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың нақты шараларын қабылдауды, аз қамтылған отбасылардың табысын арттыруды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар Президент шет елден жұмыс күшін тарту мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажеттігін баса айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<