«Біздің Денис» кітабының электрондық нұсқасы Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында жарияланған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, екі күннің ішінде электронды кітапты 100 мың адам жүктеп алды. Соның ішінде Қазақстан (50 процент), Ресей (12 процент), Қырғызстан (7 процент), Оңтүстік Корея (6 процент), Өзбекстан (5 процент), Франция (5 процент), Америка (4 процент), Түркия (4 процент), Италия (3 процент), Канада (2 процент) және тағы басқа елдердің азаматтары бар.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР Ұлттық кітапханасы қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қаза табуына байланысты «Біздің Денис» деп аталатын кітап шығарды. Кітапта спортшының өмірбаяны, жарқын сұхбаттары, сондай-ақ ел, отбасы және өмір туралы айтылған пікірлері келтірілген. Онда Денистің сирек кездесетін және жарыстар мен әр түрлі іс-шаралардан естелік фотосуреттері, сондай-ақ әлемдік және қазақстандық жұлдыздардың естеліктері бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<