Димаштың әнін қиып тастаған телекомпанияны жанкүйерлері сотқа бермек

305

0

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері «Славян базары – 2018» халықаралық байқауында шырқаған әнін эфирден қиып тастаған Белтелерадиокомпаниясына ашық хат жолдады. Хат мазмұны әншінің инстаграм желісіндегі фан-парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Құрметті Белтелерадиокомпания @belteleradiocompany!

Димаш Кұдайбергеннің @kudaibergenov.dimash көптеген мемлекеттердегі фан-клубтарының өкілдері өз кумирін XXVII «Славян базары» @festivalvitebsk аясында көру үшін Витебскіге арнайы келді. Фестивальдің ашылуы кезіндегі Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетуі үлкен жетістікке ие болды, оған залда отырған көрермендердің барлығының көзі жетті. «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы @mir24tv 13 шілде күні таратқан концерттің телевизиялық нұсқасынан Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетуі қиылып тасталды, сөйтіп Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сан миллиондаған аудиториясы қазіргі заманның асқан талантты әртісінің өнерін көру мүмкіндігінен айрылды.

«Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы 1992 жылы ТМД қатысушы-мемлекеттердің басшыларының келісіміне сәйкес саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық, сонымен қатар ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру және халықаралық ақпарат алмасуға жәрдемдесу мақсатында құрылды.

Әлемде Димаш Құдайбергеннің 40 шақты фан-клубы және жалпы саны 5 миллионнан артық жанкүйерлері бар. Сіздерге белгілі, Димаш, толып жатқан жанкүйерлері оны дәл осылай жай ғана атымен атайды, 2015 жылы «Славян базарында» гран-приді жеңіп алды және фестивальға үшінші рет қонақ ретінде қатысты. Биыл Димаш сонымен қатар балалар байқауының әділ қазылар мүшесі болды. Фестивальдің ашылуындағы оның жарқын өнер көрсетуі жәй ғана табысты емес, БАҚ-да үлкен резонанс тудырған басты оқиға болды.Әр түрлі тілде ән айтатын Қазақстанның жас өкілінің барлық шығармашылығы Отанына деген сүйіспеншілік қана емес, елдер арасындағы халықаралық және басқа да кедергілерді жоюға бағытталған, асқақ өнердің үлгісі болып табылады. Димаш Құдайбергеннің өнерін көрсету арнаның негізгі қағидасы – бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты орнату үшін елдер арасында ақпарат алмастыруды әрі қарай дамытуға әсерін тигізетіні шүбәсіз еді.

Біз, Димаш Құдайбергеннің дарынына бас июшілер, «Мир» ТРК басшыларына ашық хат жолдап, не себепті концерт қысқартылып көрсетілгенін түсіндіруді сұрадық.

Біздің қолымызға тиген «Мир» ТРК ресми жауабында ашылу салтанатының қысқартылып көрсетілгендігі үшін жауакершілікті Белтелерадиоға жүктеді, өйткені келісім-шарт бойынша «Мир» ТРК сіздерден «Славян базарының» дайын нұсқасын алған екен.

Осыған байланысты заңды сұрақ туындайды – неліктен қазақстандық орындаушы Димаштың және оның миллиондаған аудиториясының мүддесіне нұқсан келтіретін, осындай қысқартылған нұсқа жасалған және таратылған? Сіздерден немқұрайлы емес, толық қамтылған білікті жауап аламыз деп үміттенеміз.

Құрметпен, Фан клубтар» делінген әншінің фан-парақшасындағы жазбада.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген Беларусия төрінде «Славян базары – 2018» халықаралық фестивалінде шырқаған әндері ресейлік «РТР» мен «МИР» телеарнасының эфирінен алынып тасталған. Мұндай жағдай бұған дейін де болған. Былтыр Димаш «Славян базары» байқауына қонақ ретінде барып, ән шырқаған, алайда Димашты эфирден қиып тастап әншінің тыңдармандарының шамбайына тиген еді. Биыл дәл сондай жағдай тағы да қайталанып отыр. Бұл жолы тыңдармандары үнсіз қалмауды жөн көрді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<